Су тасқынынан интернетсіз отырған ауылдарға 50-ге жуық Starlink терминалы жіберілді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінгі таңда базалық стансаларды электрмен жабдықтау және ажырату проблемаларына әкеп соқтырған бірқатар өңірлердегі су тасқыны жағдайы СҚО, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарындағы ұялы байланыс операторларының жұмысына кері әсер етті. Сөйтіп 12 ауылда базалық стансалар тасымалданатын генераторлар арқылы жұмыс істеп тұр. 

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Барлық облыста мобильді операторлардың резервінде 300-ден астам генератор бар, бұл іске 234 инженер жұмылдырылған.

Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап барлық ұялы байланыс операторлары су басқан аймақтарда болды.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі облыстық әкімдік сұраныстарына сәйкес су тасқыны аймағындағы өңірлерге 48 Starlink терминалын жіберді.

Министрлік Қостанай облысына 30 терминал, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО-ға 3 терминал, Ұлытау облысына 1 кешен, Атырау облысына 6 терминал, ШҚО-ға 2, СҚО-ға 3 терминал жіберді.

Starlink, ең алдымен, үздіксіз оқу процесін қамтамасыз ету үшін облыс мектептерін жабдықтайды.

Бұл ретте осы аптада республика бойынша бір уақытта қосылу үшін қосымша терминал кешендерін жіберу жоспарланған.  

Қажет болған жағдайда және әкімдіктерден тиісті сұраулар түскен жағдайда министрлік қосымша терминалдар жіберуге дайын.

Бүгінгі таңда 447 ауылдық мектеп Starlink технологиясын қолдана отырып интернетпен қамтамасыз етілген.

Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді.

Бұдан басқа, ұялы байланыс операторлары су тасқыны аймағындағы абоненттерге тарифтік жоспарларға қосымша ресурстар (40-50 мин, 40-50 СМС және 7 күнге 8-10 Гб) қосты.

Министрлік жедел, үздіксіз байланысты ұйымдастыру үшін Ақтөбе облысының әкімдігіне Thuraya (2 дана) спутниктік телефондарын пайдалануға бергенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Astana Hub су тасқынын басқару бойынша 30-дан астам инновациялық шешімдерді жинап, оларды қарау үшін ТЖМ-ге тапсырды.

Америкалық ARC Drones стартабының негізін қалаушылар Әлібек Елтай мен Әсел Тұрсын Қазақстандағы су тасқынына қарсы көмек көрсету үшін автономды дрондарын ұсынды. 

Технопаркпен серіктестік аясында ARC Drones медициналық материалдарды, гуманитарлық көмекті, азық-түлікті және басқа да шұғыл тауарларды шалғай және жету қиын аймақтарға тиімді жеткізу үшін ұшқышсыз үш дрон берген.

Сонымен қатар, Атырау облысының Жылыой ауданында Құлсары қаласында АХАТ және ЗТМО ғимараттары су астында қалған.  

Жоғарыда аталған бөлімдерде төтенше жағдай жариялануына байланысты жұмыс тоқтатылды.

Қалған өңірлерде жағдай тұрақты, филиалдар штаттық режимде жұмыс істейді. ТЖ салдарын жедел жою мақсатында Азаматтарға арналған үкімет Атырау облысы бойынша филиалы ғимараттарға келген залалды бағалау жұмысын жүргізіп жатыр.