Облыстық соттың мәліметінше, 2024 жылдың сәуір айында Қостанай ауданының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Жергілікті тұрғындардың бірі су тасқыны салдарынан келген шығынды өтеу туралы өтініш берген.
Комиссия үш ұсақ мал үшін өтемақы төлеуді мақұлдағанымен, тағы 10 жануарға қатысты шығынды өтеуден бас тартқан. Бұған малдың ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесінде тіркелгені туралы мәліметтердің болмауы себеп болған.
Комиссия шешімімен келіспеген тұрғын сотқа жүгінген. Ол ветеринариялық станция берген, малдың болғанын және су тасқыны кезінде қырылғанын растайтын актілерді ұсынған.
Істі қарау барысында сот сол кезеңде қолданыста болған қағидаларға сәйкес, мал ақпараттық жүйеде тіркелмеген жағдайда да келтірілген шығынды өтеуге рұқсат етілгенін анықтады. Сонымен қатар комиссия өтемақы төлеуден бас тартуға жеткілікті құқықтық негіз келтірмеген.
Нәтижесінде сот комиссияның 10 бас мал үшін өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды.
Қостанай ауданының әкіміне сот қорытындыларын ескере отырып, зардап шеккен тұрғынның өтінішін қайта қарау міндеттелді. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Атырауда мал шығыны тіркелген ауданға тағы 45 тонна жем жеткізілгенін жаздық.