Су тасқынынан зардап шеккен диқандарға қарызға тұқым беріледі – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин су тасқынынан зардап шеккен диқандар туралы әңгімеледі және астық қоры жеткілікті екенін айтты.

Фото: Ақорда

«Тұқымдық материалдар сақталған астық қоймаларын су басып жатқаны туралы хабарламалар бар. Осыған байланысты біз бірінші кезекте шаруаларға үндеу айтамыз: су басу қаупі төнген жағдайда өз мүлкіңізді дер кезінде қауіп-қатерден қорғау өте маңызды. Әңгіме тек тұқым туралы ғана емес, ауыл шаруашылығы техникалары, жануарлар және қауіпсіз қашықтыққа тасымалдануы тиіс өзге де мүліктер туралы болып отыр», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Оның айтуынша, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясында, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы тәжірибе станцияларында алдағы егіс науқанына қажетті астық қоры жеткілікті.

«Азық-түлік корпорациясы зардап шеккен шаруаларға бөліп төлеу шартымен тұқым беруге дайын. Тұқымға қажеттілік туындаған жағдайда шаруалар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сенім телефондарына хабарласуы қажет», - деді О.Тілебалдин.

Жедел желі жұмысы 9.00-ден 18.30-ға дейін (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша істейді.

Сонымен қатар, pavodki_kz_bot телеграмм-боты тәулік бойы жұмыс істейді.