Су тасқынының екінші толқыны қашан күтіледі – ТЖМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда су тасқынының келесі кезеңі мамыр айының ортасы мен соңына қарай болжанып отыр. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты.

Фото: ҚР ҰҰА баспасөз қызметі

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елдегі гидрологиялық ахуал тұрақты, дегенмен бірқатар өңірдегі жағдай бақылауға алынған.

– Су деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының шекарасына сәйкес келіп отыр. Алайда қауіпті деңгейден асу фактілері тіркелген жоқ. Ақмола өңіріндегі шағын өзендердің суы негізгі арна – Есіл өзеніне құйып, ол әрі қарай Солтүстік Қазақстан арқылы Ресейге бағыт алуда, - деді ол.

Сонымен бірге ол Шығыс Қазақстан облысының таулы бөлігінде қар қоры әлі де жоғары екенін атап өтті.

– Таулы аумақтарда қар қоры шамамен 52% деңгейінде сақталған. Осы факторларды ескере отырып, су тасқынының екінші кезеңі мамыр айының ортасы мен соңында болуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері жағдайды толық бақылауда ұстап отыр, - деді Әсет Жылқайдаров.

Айта кетейік, бұған дейін ТЖМ елдің үш өңірінде су тасқыны қаупі сақталып отырғанын хабарлаған еді.