Соның салдарынан Иранда, Перуде, Австралияда және басқа да мемлекеттерде адамдар құрбан болды. Осы ретте бұл елдердегі қазіргі жағдайға шолу жасауды жөн көрдік.
Ирандағы су басудан кейін 41 адам көз жұмды, тағы 22 адам із-түзсіз жоғалды. Толассыз жауған жаңбыр Иранның сүлтүстік-батысында табиғи апатқа алып келді. Урмия көліне ағатын өзен салалары тасып, су жолындағы көпірлерді шайып, коммуникациялық нысандарды бұзды. Дүлей апаттан Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Азаршахр және Аджабшир қалалары айтарлықтай зардап шекті, сондай-ақ басқа да төрт провинция аумағындағы елді мекендерде нысандар қирады. Қазіргі кезде бұл аудандарда төтенше жағдай режімі жарияланып, құтқарушылар мен дәрігерлер топтары бағытталды.
Ирактағы жағдайға тоқталатын болсақ, ондағы қарулы қақтығыс пен гуманитарлық қиындықтарға қоса, су тасқыны Батыс Мосулдың тұрғындарына енді жаңа ауыртпалықтарды алып келді. Толассыз жаңбырдан Тигр өзені арнасынан тасыды. Осы орайда қаладағы барлық көпірлер жабылды. Тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізу шаралары қиындады, сондай-ақ қалада гуманитарлық операциялар да уақытша тоқтатылды.
Ал Перуде «Эль-Ниньо Костера» циклоны әкелген су тасқынынан 107 адамның өмірі қиылып, миллионнан астам адам зардап шекті. Табиғат апаты салдарынан 220 мыңнан астам үй қирады. Су деңгейнің көтерілуі бұл елде наурыздың орта кезінде басталған болатын. Сол кезде құтқарушылар ауқымды су тасқынынан Перу астанасы Лиманың Сан Хуан де Луриганчо ауданының тұрғындарын көшірген еді. Аудан көшелері мен үйлерін толық су басқан болатын.
Бұдан бөлек, жауын-шашын мен Куарейм өзенінің тасуынан Уругвайда 1,7 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бір мыңнан астам адам үйлерін тастап, өз күшімен басқа елді мекендерге орналасқан, ал қалғандарын жергілікті атқарушы билік көшірді. Өткен аптаның соңындағы мәліметтерге сүйенсек, Куареймадағы су деңгейі 8,8 метрді құрап отыр немесе 12 сәуірдегі көрсеткіштен 3 метрге төмендеді.
Колумбиядағы табиғи апат салдарынан 320 адам ажал құшты, оның 118-і - балалар. 1 сәуірге қараған түні болған нөсерлі жауын салдарынан Мокоа, Сангояко және Мулатос өзендер арнасынан асып, тасыды. Судың көп бөлігі таңсәріден тұрғын үйлерді шайып, адамдардың өмірін тосыннан қиып кеткен.Елді мекендердегі көптеген көпір қираған. Көліктер де асау толқындардың жалында кете барған. Бүгінде Мокоа қаласында қирандыларды тазалау жұмыстары жалғасуда.
Мұнымен қоса, қазіргі кезде көршілес Ресейдің бірқатар өңірінде су тасқыны жағдайлары орын алып жатыр. Өткен аптада Орынбор түбіндегі елді мекенді су басу қаупінен тұрғындарды көшіру жұмыстары атқарылды. 600-ге жуық адам мектептер мен мәдениет үйлері нысандарына уақытша орналастырылды. Облыс бойынша ТЖМ төтенше жағдай режіміне көшкен көрінеді.
Ал сәуірдің басында РФ-нің Краснодар өңіріндегі Северск ауданында бөгетті су шайып кеткен болатын. Абырой болғанда, бұл жағдай жергілікті тұрғындарға аса қатер тудырмады. Сонымен қатар Самара обласының оңтүстік аудандарындағы су тасқыны халықты әбігерге түсірді. Онда бірқатар елді мекендерде құтқару қызметтері кезекшілікке шыққан болатын.
Өткен аптада Новосібір облысында су тасқынынан бөгетті толықтай басты. Судың қатты ағысынан нысандағы жағдай қиындаған көрінеді. Су деңгейі сібірлік өзге де өзендерде күрт көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта жергілікті билік күннің жылынуы мен жауын-шашын қатерлі ахуалды ушықтыра түседі деп қауіптенуде.
Осы айдың басында Австралияның солтүстік-шығысындағы жағалаудағы ауданында болған «Дебби» тропиктік циклонынан келген шығын 800 млн. АҚШ долларын құрады. «Дебби» циклоны Австралияның Квинсленд штатының солтүстігінде жағалауынан асып түсті. Оның салдарынан туындаған нөсерлі жауын-шашын осы штатқа су тасқынын алып келді. Осыдан туындаған қатерден мыңдаған тұрғын өз үйлерін тастауға мәжбүр болды. Билік мәліметтеріне қарағанда, табиғи апаттан кем дегенде бес адам көз жұмды.