Су тасқыны: Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін уақтылы эвакуация жасау керек - Мырзалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин Атбасар ауданының аумағын ұшақпен қарап шыққан соң, Сандықтау ауданындағы су тасқынының қаупі бар аймақты әуеден бақылап, Балкашино ауылына жедел жетті, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы.

Жабай өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Сандықтау ауданында 300 аулалық аумақ су астында қалды. Қазіргі таңда мамандар су тасқынының келтірген залалын есептеуде. Бұл жерде тәулік бойы жергілікті атқарушы органдар, ІІМ және ТЖ жұмыс жасауда. Су тасқыны болған аймақтан 729 адам эвакуацияланды.

Қазіргі таңда Сандықтау ауданында су тасқынының салдарын жою үшін барлық қажетті арнайы құралдар жұмылдырылды. ТЖД жеке құрамы мен жергілікті полицияның 100 адамы құтқару жұмыстарына қатысуда.

Өңір басшысы Жабай өзеніндегі су деңгейін тексеріп, су астында қалған үйлерді қарап шықты және зардап шегушілермен кездесті. Малик Мырзалин аудан әкіміне барлық күштер мен тасқынды жоюға арналған құралдарды тартып, зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп, бұл жағдайды жіті бақылауға алуын тапсырды.

Балкашино ауылындағы сорғы стансасының су астына қалуына байланысты ауыз су беру тоқтап қалды. Қазіргі таңда «Көкшетау Минводы» ЖШС-дан ауыз су тасымалдау ұйымдастырылды.

Өңір басшысы Атбасар және Сандықтау аудандарына жасаған сапарын қорытындылай келе, ең бірінші кезекте адамдардың өмірін сақтап қалу үшін уақтылы эвакуация жасап, барлық арнайы қызметтің өзара іс-қимылын ұйымдастырып, зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмектесуді, сондай-ақ су басқан үйлер, жолдар, көпірлер туралы нақты ақпарат беруді тапсырды.