Су тасқыны: Павлодар облысында автожол бақылауға алынды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылына жақын маңда трассаны су басты. Әкімдіктен мәлім еткендей, бұл жағдай көлік қозғалысына кедергі келтірген жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кешкі сағат 19.00-де Сілеті су қоймасында су деңгейінің көтерілуі салдарынан аудан орталығынан (Ақтоғай ауылы) Шолақсор ауылына дейінгі тасжолды су басты. Тасқын судың ені 200 метрді, биіктігі 20 сантиметрді құрады. Бұл ретте, көлік қозғалысы бұзылған жоқ, ескерту белгілері қойылды, көліктер өтіп жатыр», - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Әкімдік дерегі бойынша, Ақтоғай ауданында автожолды су басу жағдайы бақылауға алынған. Қазіргі таңда аталған жерде Төтенше жағдайлар департаментінің 32 қызметкері, тоғыз техникасы, су тарту құрылғылары жұмыс істеп жатыр.