Су тасқыны салдарын анықтап, бағалау үшін қазақстандық спутник қолданылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикадағы су тасқыны ахуалын бағалау үшін қазақстандық спутниктермен жерді қашықтықтан зондтау деректері қолданылуда. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Барлық жерде ҚР ІІМ бөлімшелері мен жергілікті құтқарушы органдарының бірлескен тәулік бойғы кезекшілігі жүргізілуде. Сондай-ақ, республикадағы су тасқыны ахуалын бағалау үшін қазақстандық спутниктермен жерді қашықтықтан зондтау деректері қолданылуда.

Су тасқынына ұшыраған өңірлерде су айдау, тұрғын үй мен жол аумақтарын инертті материалдармен қоршау бойынша жұмыстары жалғасуда», - деді ол.

Соңғы деректер бойынша, 16 188 адамның 14 631-і үйлеріне оралды. 22 788 метр уақытша бөгендер тұрғызылды, 95 847 қапқа құм салынып үйілді, 439 881 текше метр су сорылды.

Су тасқыны кезеңінің басынан бастап, авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға барлығы 6 518 адам, 1 722 бірлік техника, 154 су сору құрылғысы, 113 жүзу құралы жұмылдырылды.