Су тасқынына дайындық: Бұқтырма өзеніндегі бөгет жөнделді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде су тасқынына қарсы 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жол картасы іске асырылуда.

Соның аясында елді мекендерді су басудан қорғау үшін Алтай ауданы Тұрғысын ауылындағы Бұқтырма өзеніндегі бөгет жөндеуден өтті.

Бұдан бөлек, Путинцево ауылындағы Березовка өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілген.

«Биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша Березовка өзеніндегі бөгет кеңейтілді. Сонымен қатар Зубовск кентіндегі ұзындығы 1100 метрге жететін Грязнушка өзені мұздан тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар аудан бойынша 11,943 мың текше метр қар шығарған», - делінген хабарламада.

Су тасқыны қаупі бар кезеңге 27 тонна инертті материал, 7800 дана ыдыс-қап дайындалды.

Қажет болған жағдайда халықты уақытша орналастыруға арналған 16 пункт құрылды.

Онда төсек-орын, ыдыс-аяқтар мен қажетті заттар әзірлерген.

«Қалалар, ауылдық округтер мен кенттердің әкімдіктері мен шаруа қожалықтары 131 техника жұмылдыра алады. Бүгінгі таңда Алтай ауданында қар жамылғысының биіктігі 71 см-ге жетеді. Ал топырақ тоңы 40 см құрап отыр», - делінген ақпаратта.