Су тасқынына қатысты қаржы бөлу туралы өтінім түскен жоқ – Қаржы министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы министрі су тасқынының зардабын жоюға қатысты қосымша қаржы бөлу мәселесінің қаралып жатпағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірге біздің министрлікке су тасқыны жағдайы бойынша ешқандай есеп айырысу немесе қаржы бөлу туралы өтінім жоқ. Түсіп жатса міндетті түрде қарастырамыз. Мәселені алдымен жергілікті бюджет есебінен шешуге тырысамыз. Себебі өңірлердің өз резерві бар. Егер жағдай қиындай түссе қаражатты республикалық бюджеттен қарастырамыз», - деді ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев Үкімет үйінде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, апатты жағдайларға арналған республикалық бюджетте резерв бар.

Еске салсақ, Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынынан үйлер құласа, шығын жергілікті бюджеттен өтелетіні туралы хабарлаған еді.

«Біздің министрлік және жергілікті атқарушы органдардың күшімен елді мекендерде арнайы эвакуациялық бекеттер (пункт) ұйымдастырылған. Төтенше жағдайда қайда бару керектігін жергілікті халық біледі. Егер тұрғындардың үйлері құлап немесе басқа да зардап келсе онда шығын өтеледі. Ол үшін жергілікті бюджетте қаржы қарастырылған. Егер жетпесе қаржы республикалық бюджеттен қаралады»,- деп түсіндірген еді Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев ОКҚ-де өткен брифингіде.