Су тасқынынан Теректі ауданының тұрғындары да зардап шекті

None
ОРАЛ. 22 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынынан Теректі ауданы тұрғындары да зардап шекті.

Әсіресе, Подстепный ауылындағы 22 отбасы №11 кәсіптік лицейге көшірілсе, сондай-ақ аудан орталығы Федоров, Жайық стансасы сияқты елді мекендерде бірнеше үйге су кірген болатын. Қазір жағдай қалыпқа түсіп келеді. Көшірілген 52 адамның 30-ы үйлеріне қайтты.

Аудан әкімі Арман Өтеғұлов тасқын судан зардап шеккен Подстепный ауылы тұрғындарымен кездесіп, олардың қамқорлықсыз қалмайтындығын жеткізді. Зардап шеккендерге азық-түлік беріліп, аудандағы мекеме-ұйымдар қызметкерлері бір күндік жалақыларын арнайы қорға аударды.

Ауданда тасқын кезінде Төңкеріс-Алғабас, Федоров-Қабылтөбе, Новопавлов-Пойма, Федоров-Богданов бағытындағы, аудан орталығындағы Ленин көшесіндегі жолдарды су шайып кетті. Жалпы ұзындығы 3 шақырымдай электр желісі бүлініп, Долинный ауылдық округіне қарасты Ақсай елді мекенінде трансформатор істен шықты.

Ауданда шығын көлемін анықтап, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын арнайы комиссия жұмыс жасауда.