Су үнемдеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында су үнемдеу мақсатында іске асып жатқан жобалар жөнінде мәлімдеді.

Фото: ҚР АШМ

Министрліктің хабарлауынша, бүгінгі таңда елімізде 4,6 мың шақырымнан астам суару каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның 964 шақырымы биыл аяқталмақ. Одан бөлек, жыл соңына дейін 104 ұңғыма қайта жаңғыртылады.

Ал биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 244,2 шақырым каналдарды жаңғырту, жөндеу жұмыстары соңына жетті.

– «Қазсушар» РМК каналдарды механикаландырылған тазалау, сондай-ақ, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 2026 жылы 2 211,75 шақырым каналды механикаландырылған тазалау жоспарланған. Тамыз айындағы жағдай бойынша соның 1 764,02 шақырымы, яғни жылдық жоспардың 79,8%-ы орындалды, – делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, 394 гидротехникалық құрылысты жөндеу жоспарға енгізілген. 10 тамыздағы жағдай бойынша, соның 139-ында жөндеу жұмыстары орындалды.

Министрліктің мәліметінше, мұндай шаралар нақты нәтиже беріп жатыр. Мысалы, Жетісу облысында Күрті су қоймасы аймағында су тапшылығының алдын алу мақсатында қосымша 26 шақырым суару каналы тазартылып, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде су ысырабы 12 млн текше метрге қысқарды.

Айта кетейік, бұған дейін елде 23 мыңнан астам су нысаны цифрландырылғанын жазғанбыз.