Су және Құрылыс кодекстерін әзірлеуде кемшілік жіберген лауазымды тұлғалар жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM – Су кодексін әзірлеу мерзімдерін және Құрылыс кодексін келісу рәсімінің талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтың жауабына қосымша берілген анықтамада айтылған.

Фото: Ақмола облысының прокуратурасы

«Су кодексін әзірлеу мерзімдерін және Құрылыс кодексін келісу рәсімінің талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға қатысты (Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі, Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры тиісінше) тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылғанын атап өтеміз», - делінген анықтамада.

Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі лауазымын Болат Бекнияз, ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директор қызметін Руслан Лепесов атқарады.

Жалпы, Үкімет басшысының атап өтуінше, Құрылыс кодексі жобасын әзірлеу барысында 20-дан астам елдің заңнамаларына талдау жүргізілді. Кәсіптік қоғамдастықтың, халықтың, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен жобаны талқылау жүзеге асырылды. Кодекс жобасында реттеудің жаңа нысандары, оның ішінде қоғамдық талқылаулар мен қоғамдық сараптама жүргізу арқылы сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы қоғамдық бақылау көзделген. Қоғамдық бақылау субъектілері: азаматтардың өзін-өзі басқару органдары, БАҚ, азаматтардың өздері және қоғамдық бірлестіктер.

«Ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып, Еуроодақтың табысты тәжірибесімен ұқсастығы бойынша құрылыс саласының инженерлерін сертификаттау енгізілуде. Сертификаттауды жүргізу жөніндегі функция бәсекелес ортаға беріледі және оны нарыққа қатысушылар жүзеге асырады. Сейсмикалық аймақтарда сәулет-құрылыс жобалаудың құрылысы мен ерекшеліктері ескерілді. Жаңа реттеу институттары – сейсмикалық қауіпті бағалау және сейсмикалық қауіпті бағалау енгізілуде. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларын цифрландыру көзделген. Оның мақсаты – мемлекеттік билік органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, жеке және заңды тұлғаларды анық мәліметтермен қамтамасыз ету», - деді Олжас Бектенов.