Суармалы егіншілікті қолдау мақсатында Ертіс өзені бассейнінде 160 млн текше метр су қарастырылған. Мамандардың айтуынша, мәлімделген көлем жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қажеттіліктерін толықтай өтейді.
Су пайдаланушылардың алдын ала мәліметтері бойынша, өңірдегі жоспарлы суару алаңы — 86,6 мың гектар. Ал жоспарланған су алу көлемі — 152 млн текше метр. Бүгінгі таңда аграршылар 70 мың гектардан астам жерді суару үшін 81,1 млн текше метр су алып үлгерген.
— Қазіргі уақытта Ертіс бассейнінің ірі су қоймаларында 39,8 млрд текше метр су жиналды. Бұл олардың жобалық көлемінің 75,7%-ын құрайды. Шүлбі су қоймасының көлемі 2,2 млрд текше метрді құрап отыр. Болжам бойынша, тамыз айындағы бүйірлік ағындар секундына 36-60 текше метрді құрайды. Қолда бар су қорының көлемі ағымдағы суару маусымының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге толық жеткілікті, — дейді Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.
Бүгінде инспекция ағын болжамдары мен аграршылардың сұраныстарын ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін үнемі реттеп отырады. Мұндай икемді тәсіл кез келген өзгерістерге жедел әрекет етуге және атыздарға судың тұрақты жетуіне кепілдік беруге жағдай тудырады. Сонымен қатар мамандар суы аз сулы циклдің басталуын ескере отырып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қазірден бастап су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу қажеттігін баса айтады.
Еске сала кетейік, биыл Ертіс жайылмаларының 80 пайыздан астамын ғана су басады деп болжанған болатын.