Суармалы алқаптарда судың біраз бөлігі ескірген магистральдық желіде жоғалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Закиржан Кузиев өз депутаттық сауалында су үнемдеу технологиясын енгізуді ынталандыру ұсынысын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суармалы егістіктердегі су тиімсіз жұмсалады. Сенатордың пікірінше, суды пайдалануды басқарудың ұйымдастыру құрылымына байланысты кемшіліктер және су пайдаланушылардан түскен қаржының тиімсіз жұмсалуы оның негізгі себебі болып отыр.

«Іс жүзінде фермер үшін қажет болған кезде жердің шамамен 30%-ы тиісті су мөлшерімен қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде суармалы жерлердің өнімділігіне әсер етеді. Сонымен қатар, суарылатын жердің негізгі бөлігіне жататын 75,8% немесе 1,1 млн гектардан астам аумағы әлі күнге дейін жерүсті әдісімен суарылады. Мұндай ескірген суару желісі арқылы жеткізілетін судың 60%-дан астамы жоғалады. Бұл әдіс мүлде тиімсіз», - деді сенатор.

Судың тапшылығы жағдайды нашарлатады және жыл сайын ұлғайып барады. Сенатор арналар мен су қоймаларын қалпына келтіру, сондай-ақ фермерлерді суды үнемдеу технологиясына тезірек көшуге ынталандыру жағдайды жақсартуға көмектеседі деп санайды.

Депутат толықтай жабық тізбекті жаңа суару желісін қалпына келтіру және салу бағдарламасын іске қосуды ұсынып отыр. Судың құбыр немесе бетон арналары арқылы суару учаскелеріне жетуіне кепілдік берілуі керек.

«Облыстар бойынша алаңдарды белгілей отырып, Су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде жол картасын әзірлеу және бекіту қажет. Барлық ирригациялық арналар мен су қоймаларына тексеру жүргізу, оның қорытындысы бойынша иесіз каналдар мен су айдындарын мемлекет меншігіне қайтару керек», - деді Закиржан Кузиев.