Су арналарын цифрландыру суармалы судың бағасын қымбаттатпайды — вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі су арналары цифрландырылады. Алайда бұл суармалы су тарифтеріне әсер етпейді. Бұл жөнінде ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов мәлімдеді.
— Ислам даму банкінен алынған несиенің алғашқы бөлігіне Қазақстандағы 103 су арнасы цифрландырылады. Несие бюджет есебінен қайтарылады. Тарифті өсіріп, қарыз қайтару мүлде жоспарда жоқ, — деді вице-министр.
Сондай-ақ ол су арналарының гидротехникалық құрылғыларын цифрландыруға суармалы су тарифтері есебінен 600 миллион теңге қарастырылғанын атап өтті.
Дегенмен, бұл суармалы су бағасын өсірмейді. Өйткені, тарифтер 2024 жылы бекітіліп, сол баға 2028 жылға дейін өзгермейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынатынын жазғанбыз.
Сонымен қатар, Түркістан облысында жаңа екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын екенін хабарлағанбыз.
Ал бес су қоймасында кең ауқымды батиметриялық түсірілім жасалғаны жөнінде жазған едік.