Бұл туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл ел бойынша 1,2 млн гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету үшін шамамен 11 текше шақырым су пайдалану жоспарланған.
– Су ресурстарын өңірлер арасында тиімді әрі әділ бөлу үшін биылғы су лимиттері бекітілді. Алматы облысына 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысына 1,8 млрд текше метр су бөлінді, – деді ол.
Комитет төрағасының мәліметінше, Балқаш-Алакөл бассейніндегі су қоймаларының толымдылығы 97 пайызға жеткен. Ал Қапшағай су қоймасы 98 пайызға дейін толған.
Сонымен қатар бірқатар өңірде су тапшылығы қаупі сақталып отыр. Әсіресе Алматы облысындағы Күрті су қоймасындағы жағдай алаңдаушылық туғызады.
– Қазір Күрті су қоймасында 59,5 млн текше метр су бар. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 41,9 млн текше метрге аз, – деді Сейілбек Нұрымбетов.
Оның сөзінше, Шу-Талас бассейніндегі су қоймалары 71 пайызға толған. Қырғызстан аумағындағы Киров және Орто-Токой су қоймаларындағы су деңгейінің төмен болуы да алаңдаушылық туғызып отыр. Қазір бұл су қоймалары орта есеппен 77 пайызға ғана толған.
Осы жағдайға байланысты Шу-Талас бассейні бойынша су лимиті 1,2 млрд текше метрден 900 млн текше метрге дейін қысқартылды.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының сәуірдегі отырысында су беру кестелері бекітілген. Соған сәйкес, Шу өзені арқылы 170 млн текше метр, ал Талас өзені арқылы 340 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Арал-Сырдария бассейніндегі ірі су қоймаларының толымдылығы қазір 73 пайызды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 12 пайызға жоғары. Ал Шардара су қоймасы 99 пайызға дейін толған.
Қазіргі гидрологиялық жағдай ескеріліп, Қызылорда облысына 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр су лимиті бекітілді.
Айта кетейік, бұған дейін су үнемдеу мәселесінің өзектілігі және оны шешу жолдары туралы жазған едік.