Субсидия қарызын өтеуге Үкімет резервінен 48 млрд теңге бөлінді

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тыңайтқышқа төленуі керек болған субсидия қарызы Үкімет резервінен өтелетінін айтты. 

— Биылға қордаланған субсидия қарызы — 256 млрд теңге. Тағы 194 млрд теңгені субсидиясы күту парағында тұр. Бүгін тыңайтқышқа төленуі керек болған 48 млрд теңгенің субсидияны бөлу туралы Үкімет қаулысы қабылданады. Оны Үкімет резервінен береді, - деді ол Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол биыл саладағы субсидияларға жалпы сомасы 400 млрд теңге қарастырылғанын еске салды.

— Жалпы 2024 жылдың қарызы биылға көшті ғой. Бекітілген бюджетте 400 млрд теңгеден астам ақша бар. Өңірлер күту парағындағы кезек реті бойынша төлеп жатыр. Қосымша резервтен де бөлініп жатады, - деді Айдарбек Сапаров.

Сонымен қатар бүгін Энергетика министрлігі көктемгі егіс маусымына дизель бағасын ұсынды.