Субсидияланатын ипотекалық облигациялар көлемі 1,7 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды

АСТАНА.KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі кейіннен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру үшін шығарылатын облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жаңартылған талаптарға сәйкес, облигациялар шығару арқылы қаражат халыққа жеңілдетілген ипотека беруге бағытталады.

Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін ипотекалық несие мөлшерлемесі жылдық 7 пайыз болады.

Ал кезекте тұрған басқа азаматтарға, сондай-ақ Қазақстан азаматтары мен қандастарға ипотека жылдық 9 пайызбен беріледі.

Негізгі өзгерістердің бірі — субсидияланатын облигациялар көлемінің ұлғаюы. Енді олардың жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеден аспауы тиіс. Бұған дейін бірінші жылы 300 млрд теңгеге дейін, кейінгі жылдары 200 млрд теңгеге дейінгі облигацияларды субсидиялау қарастырылған еді.

Сондай-ақ облигациялардың айналым мерзімі 8 жылдан аспауы керек. Олар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен жоғары болмауы тиіс. Алайда уәкілетті органның келісімімен облигациялар орналастырылған немесе қосымша орналастырылған күні бұл мөлшерлемені 1,5 пайыздық тармаққа дейін көтеруге болады.

Сонымен қатар субсидиялау туралы келісім, субсидия алуға арналған ұсыныс пен өтінім нысандарына да өзгерістер енгізілді.

Бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстанда жеңілдетілген ипотеканың үлесі 85 пайызға дейін артқаны хабарланған болатын.