Субсидиялау бойынша несиелеу портфелінің жалпы сомасы 500 млрд. теңгеден астамды құрады - «БЖК-2020»
11:31, 12 Наурыз 2013
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 3 жылдың ішінде субсидиялау бойынша несиелеу портфелінің жалпы сомасы 528,8 млрд. теңгені құрады.
Бұл өз кезегінде белгіленген индикатордан 33 пайызға жоғары, деп мәлім етті бүгін Үкімет отырысында «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Оның сөзіне қарағанда, ішкі жалпы өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4 пайызды құрап отыр. Өңірлер бойынша аталған индикатор 7 облыста артты.
Сонымен қатар, қор басшысы экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 26,8 пайызға жеткендігін айтты. Ал өңірлер бойынша аталған индикатор 8 облыста жоғары деңгейге ие болып отыр. Мұнымен қоса, өңдеуші өнеркәсіп көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 73 пайызды құрады.
Оның айтуынша, соңғы 4 жылда еңбек өнімділігінің деңгейі 1,7 есеге өскен. Сонымен қатар бұл тұрғыда орташа республикалық деңгей 5 өңірде артты.