Субсидияның кешігуі мен қаржы тапшылығы: Өскеменде тамақ өнеркәсібінің түйткілдері талқыланды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өндіріс шығындарының өсуі, субсидиялардың уақтылы төленбеуі және жеңілдетілген несиеге қолжетімділік мәселелері отандық тамақ өнеркәсібінің дамуына әсер етіп отыр. Шығыс Қазақстанға келген Құрылтай депутаттары өңірдегі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, саланың өзекті мәселелерін талқылады.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

22-23 қазанда Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің депутаттары «Шығыс-Сүт» корпорациясы мен Altai Mai зауытын, сондай-ақ Ұлан ауданындағы «Украинка» шаруа қожалығының тауарлы фермасын аралады. Сапардың мақсаты — отандық тамақ өнеркәсібін қолдау мәселелерін зерделеп, кәсіпорындардың алдында тұрған кедергілерді анықтау.

Кәсіпорындардың жұмысымен танысу барысында көтерілген мәселелер көшпелі отырыста талқыланды. Құрылтай депутаты Вадим Басин өндіріс шығындарының өсуі, субсидиялардың кешігуі және кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық пайдалана алмауы саланың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

Мемлекеттік қолдау тетіктерінің өзгеруі де өндірушілер үшін маңызды мәселе болып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Аслан Қалиғазин тауарлық-спецификалық субсидиялардан жеңілдетілген несие беруге көшу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қолдау тетіктеріндегі өзгерістер отандық өндірушілердің жұмысына әсер етуі мүмкін.

Қаржыландыру мәселесі кәсіпорындарды жаңғырту және ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу мүмкіндіктерімен де байланысты. Өндірісті дамыту үшін кәсіпорындарға қолжетімді қаржы қажет болса, дайын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін сапаны жақсартып, өткізу нарықтарын кеңейту маңызды. Осы бағыттар бойынша Ауыл шаруашылығы және Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді. Кәсіпорын басшылары да өндірістегі түйткілдер мен оларды шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев өңірдің тамақ өнеркәсібіндегі әлеуетіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыс тамақ өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада бесінші орында, ал өсімдік майын өндіруден бірінші орында тұр.

— Шығыс Қазақстан — еліміздегі азық-түлік өнімдерін өндіретін жетекші өңірлердің бірі. Өндірістік қуаттарды дамыту экспорттық нарықтарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Біздің басты міндетіміз — кәсіпорындарды жаңғырту, өнімді терең өңдеу, сапасын арттыру және өткізу нарықтарын кеңейту, — деді Ренат Құрмамбаев.

Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

Өңірдің өндірістік әлеуетін одан әрі дамыту үшін кәсіпорындардың қаржыға қолжетімділігін арттырумен қатар, дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда өткізу мүмкіндіктерін кеңейту қажет. Бұл мәселелерді шешу отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорттық бағыттарды дамытуға ықпал етеді.

Отырысты қорытындылаған Комитет төрағасы Наталья Годунова мемлекеттік органдар, депутаттар мен бизнес өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуінің маңызын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, отандық шикізатты өңдеуді ынталандыру және дайын өнімді өткізу нарықтарын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленді. Олар Қазақстан Үкіметіне жолданып, заңнаманы жетілдіру барысында ескеріледі.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай отырысында апаттық жағдайдағы үйлер мен тозығы жеткен көпірлер мәселелері көтерілгенін жазғанбыз.