Субұрқақтар Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға өте үлкен ықпал етеді - Алтай Рахымбетов

None
АЛМАТЫ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Субұрқақтар Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға өте үлкен ықпал етеді. 2009 жылы Жол картасы бағдарламасы бойынша 13 субұрқақ қайта жөндеуден өтті.

Жалпы қалада 120 субұрқақ орналасқан, оның 45-і коммуналдық меншікте. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистерге арналған пресс-тур барысында Алматы қаласының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Алтай Рахымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Субұрқақтарды қайта жөндеуден өткізу барысында бүгінгі заманғы технологиялар қолданылды. Оның бірі Абай атындағы опера және балет театрының алдында орналасқан. Оның 15 түрлі қызмет жұмысы бар, түнгі жарық түсіруде 200 суасты жарық беретін құралдар қолданылады, ал дыбыстық музыка автоматты түрде іске қосылады. Оның жұмысына 161 сорғы қолданылады. Ол тек суды үнемдеп қана қоймай, электр қуатын да үнемдейді. Биылғы жылы біз тағы бір- екі субұрқақты қайта жөндеуден өткіземіз. Ал, бүгінгі күні Алматыдағы барлық жаңа нысандар мен ғимараттардың алдында міндетті түрде үлкен болмаса да, кішігірім субұрқақтар бар ", деп атап өтті Алтай Рахымбетов.

Оның айтуынша, Алматы қаласында қоршаған ортаның залалдануын төмендету және экологиялық ахуалды жақсартуда жасыл желектер үлкен рөл атқарады. «Биылғы жылы «Алматы - Гүл қала» атты жылсайынғы фестивальді өткізу туралы шешім қабылданды. Осы шараға орай, биылғы маусымда 103 мың шаршы метр орынға гүл егілді. Көктемде 10 мың көшет отырғызылды, ал күзде тағы 15 мың әр түрлі көшет отырғызылатын болады. Көшелерді әсемдеу, гүлмен көмкеру, үйлердің қасбеттерін безендіру мен көгалдандыруда әр түрлі өсімдіктер, ландшафттық шешімдер мен архитектуралық формалар пайдаланылуда», деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы «2009-2018 жылдарға арналған Алматы қаласында қоршаған ортаның залалдануын төмендету» мақсатында жасалған кешенді бағдарламасы аясында «Алматы пәтер қызметі» МКҚ -мен бірлесіп тәжірибеден өткен, жер астына орналастырылатын контейнерлер қою жөніндегі ілкі жобаны жүзеге асыруда.