Судьяларға қатысты қылмыстық істер қозғалды

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Астана қаласының Маманданған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Кенжаевтың азаматтық іс бойынша жағымды шешім шығару үшін кәсіпкерден 750 мың теңге көлемінде пара алу фактісін бекіткендігін хабарлаған болатынбыз.

Жедел-іздестіру материалдары Агенттікпен процессуалдық шешім қабылдау үшін ҚР Бас Прокуратурасына жолданды.

2013 жылғы 12 қарашада ҚР Бас Прокуроры Астана қаласының Маманданған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Кенжаевқа қатысты пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Оған қоса, ағымдағы жылғы 14 қарашада Қызылорда облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары материалдарының негізінде ҚР Бас Прокуроры Қызылорда облысы Арал аудандық сотының судьясы Жамбылбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

Оған 2013 жылғы 24 қазанда Т. деген азаматтан оның пайдасына азаматтық іс бойынша шешім шығару үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдік тағылуда.

Қылмыстық істер тергелуде, деп хабарлады Қаржы полициясы агенттігінің баспасөз қызметінен.