Судьяларға заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында пікір білдіруге тыйым салынады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат судьялар тәуелсіздігін күшейтуге, судья лауазымдарына кандидаттарды конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіруге бағытталған. Бұдан бөлек, судья лауазымына кандидаттарды іріктеуде жұртшылықтың рөлін күшейту мәселелері қаралатын болады.

Атап айтқанда, заң жобасымен облыстық сот төрағаларына кандидаттарды іріктеуде судьялық өтілдің болу міндеті бес жылдан он жылға дейін көтеріледі. Бұл жалпы судьялық корпустың кадрлық әлеуетінің артуына оң ықпалын тигізетін болады.

«Облыстық және оған теңестірілген соттардың, Жоғарғы Соттың қызметін жетілдіру мақсатында олардың құрамында жалпы отырыстың құзыретіне кірмейтін және тез арада шешуді талап ететін сот жүйесінің қызметіне қатысты жеке орган құру ұсынылады. Аталған орган құзыретіне соттардың жұмыстарын тексеру, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру және тез арада шешуді талап ететін ағымдағы мәселелер жатады», - деді ҚР Жоғарғы Сотының Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров.

Бұдан бөлек, судьяларға соттың шешімі заңды күшіне енбеген істер бойынша жұртшылық алдында пікір білдіруге тыйым салынатын болады.

«Әділсот төрелігіне және оның тәуелсіздігіне залалын тигізуі мүмкін мәлімдемелер немесе ескертулер жасаудан бас тарту туралы соттың міндеті де бекітіліп отыр», - дейді Е. Әбдіқадыров.