Судағы «Формула-1» жарысы 5 жыл бойы Қапшағайда өтеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Әлемге әйгілі судағы «F1H2O» сайысы алдағы 5 жыл бойы Қапшағай су қоймасында өтуі мүмкін.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықаралық сайыстың ұйымдастырушылары өңірге арнайы келген. F1H2O ұйымы, iHolding компаниясы, Сауд Арабиясынан келген ресми делегация өкілдері және Алматы облысының әкімдігі 2027 жылғы әлем чемпионатын Қонаев қаласында өткізу туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан — бұл әлем чемпионатын қабылдайтын алтыншы мемлекет болмақ. Жарысқа шетелден кемінде 5 мың қонақ келеді деп күтіледі. Сондай-ақ болжам бойынша 1 миллиардқа жуық көрермен жарысты тікелей эфирден тамашалауға тиіс.

KSA ProMediaPortal және F1H2O ұйымдарының өкілі әрі басқарма төрағасы Яссер Әли Әл-Ями қазіргі таңда чемпионатқа 11 мемлекет қатысатынын айтты. Бұл талабы жоғары күрделі жарыс болғандықтан, мұнда арнайы дайындықтан өткен командалар ғана бақ сынай алады.

Еске салайық, «Формула-1» Бахрейн Гран-приін Малайзияда өткізеді.