Суданда әскери ұшақ апатқа ұшырап, 18 адам қаза тапты
11:56, 03 Қаңтар 2020
ДАРФУР. ТАСС-ҚазАқпарат – Бейсенбі күні Батыс Дарфурда Ан-12 әскери ұшағы апатқа ұшырап, 18 адам қаза тапты, деп хабарлайды ТАСС TAJ News ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы әскери күштер өкілі, бригада генералы Амер Мухаммед әл-Хасан хабарлады. Оның айтуынша, «Бортта 18 адам болған: жеті әскери экипаж мүшесі, оның төртеуі офицер, сонымен қатар сегіз азамат, оның төртеуі - бала және үш сот өкілі болған». Барлығы мерт болды.
Хартумға бағыт алған ұшақ Батыс Дарфур ауданының әкімшілік орталығындағы Эль-Генейна әуежайынан ұшқаннан соң бес минуттан кейін ұшыру жолағынан бірнеше километр жерде апатқа ұшырады. Ұшақ Дарфурға дәрі-дәрмек пен азық-түлік әкеліп, Судан астанасына қайтпақшы болған. Осы ұшақпен Әділет министрі мен елдің Бас прокуроры ұшуы керек болатын, бірақ олар жұмыс барысына байланысты ұшудан бас тартқан.
Апат себептері анықталып жатыр.