Судандағы қақтығыс: Тараптар келіссөз үстеліне отырды

Фото: AP Photo/Marwan Ali
АСТАНА. ҚазАқпарат – Судан әскері өкілдері мен Жедел әрекет ету күштері Джиддада келіссөзді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Диалогты Эр-Рияд пен Вашингтон жүргізуге тырысып жатыр.

Бұған дейін олар атысты тоқтатуға шақырып, бітімге келтірген. Бірақ тараптар бірнеше рет келісімді бұзды.

Судан әскері жетекшілері мен Жедел әрекет ету күштері бір-бірімен келісімге келмейтінін мәлімдеген.

Тараптар қиындап бара жатқан гуманитарлық жағдайды талқылауға ғана келісті.

«Біз күніне үш ауысыммен жұмыс істейміз, жедел жәрдем көлігінен бастап ауруханаға жеткізетін көлікке дейін қажеттінің бәрін ұсынамыз. Зардап шеккендер көп», - дейді Қызыл Жарты ай нұсқаушысы Мұхамед Ибрагим Мұхамед.

Әскери қолбасшылық пен Жедел әрекет ету күштері әскери тобы арасындағы жанжал сәуірдің ортасында қарулы қақтығысқа ұласты.

Дәрігерлер кәсіподағының мәліметі бойынша, қақтығыс салдарынан 400-ден астам бейбіт тұрғын өлтірілген.