Судың қайтуына байланысты Петропавлға кіреберіс автожолдан шектеу алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Жезқазған-Петропавл» республикалық автожолының Петропавл мен Бескөл ауылы арасындағы учаскесінен көліктің барлық түріне шектеу алынып тасталды. Жолды басқан су деңгейі түсіп, жеңіл көлік қиындықсыз өтетін жағдайға жетті.

Фото: «Қазавтожол» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 сәуір күні «Жезқазған-Петропавл» А-16 республикалық автожолының 954 км, яғни «Южный» бақылау-өткізу бекетінің жанын су басты. Сондай-ақ «Петропавл айналма жолы» Р-49 автожолының 12-13 км де Жұмысшы кентіне дейін су астында қалды. Су басқан учаскенің ені 500-600 метрге жетсе, тереңдігі 1 метрге дейін барды. Сол себепті бұл жолды уақытша жабу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп жатыр. «Южный» бекетінің жанында су басқан учаске аумағы 300 метр шамасында, тереңдігі – 20 см. Жұмысшы кенті маңында су 100 метр жерді шайған, тереңдігі 15-20 см аспайды. Сондықтан сағат 17.00-ден бастап бұл учаскелерден шектеу алынып тасталды.

Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккендердің коммуналдық ақыдан босатылғанын жазған едік.