Су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек — Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Бұл туралы Ақордада су шаруашылығы қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

— Су қауіпсіздігі мәселесі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі шартқа айналды. Біз осы себепті су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек. Аталған аса маңызды іске кадрларды даярлап, іріктеуіміз қажет. Ең алдымен, трансшекаралық өзендер бассейніндегі суды тиімді пайдалану жүйесін жолға қою үшін көршілес мемлекеттермен ықпалдастыққа мән берген жөн. Қазақстан су ресурстарын рационалды, әділ әрі тең құқылы негізде пайдалану қажет деген ұстанымды жақтайды. Сондай-ақ су қауіпсіздігі мен тұтас аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара міндеттемелерді сақтаған дұрыс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көршілес елдермен конструктивті диалог және тараптардың мүддесіне сай ынтымақтастық жалғасады деп үміттенетіндігімізді айтты.

— Қазақстан Орталық Азия елдерінің су-энергетика консорциумын құру бастамасын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Өңір елдерімен тығыз ықпалдастықтың арқасында былтыр диқандарымызға қажетті су толық жеткізілді. Биыл да осындай жұмыс атқарылуға тиіс. Әлемде суға сұраныс деңгейі 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Мұндай жағдайда бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға белсенді қатысады. Былтыр Сауд Арабиясында өткен арнаулы саммитте су проблематикасын шешудің негізгі тәсілдерімен бөлістім. Келесі жылы елімізде БҰҰ аясындағы Өңірлік экология саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осы тектес қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 9 шілде Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында су шаруашылығы саласына мамандардың жаңа буынын даярлау басталған болатын.