Судьяның айтуынша, сот айыпталушының тергеу кезінде оқиға болған жердегі айғақтарды нақтылау барысында айтқан сөздеріне де құқықтық баға берген.
— Тергеу барысында оқиға орнында көрсетілген бейнежазбада сотталушы «бұл іс-әрекетті жасағаннан кейін әдет болып қалады екен» деген. Бұл оның адам өмірін қиюды қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді. Сондықтан сот оны қоғамға ерекше қауіпті адам деп таныды, — деді Зарема Хамидуллина.
Сот үкіміне сәйкес, Сұлтан Сарсемалиевтің 2025 жылғы 14 мамырдан бастап жыл соңына дейін төрт адамды қасақана өлтіргені, алаяқтық жасағаны, ұрлыққа барғаны, жәбірленушілердің жеке куәліктерін заңсыз иемденгені, олардың мүлкін талан-таражға салғаны және банк қосымшаларын пайдаланып, несие рәсімдегені толық дәлелденген.
Судья қорғау тарапының айыпталушы өзін қорғау кезінде Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді, қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болды деген уәждерін негізсіз деп таныды.
— Қорғану барысында адамға бірнеше мәрте, нақты айтқанда он рет пышақ жарақатын салу мүмкін емес. Бұдан бөлек, мәйітті әдейі жасырып көмуі оның қылмысты қасақана жасағанын дәлелдейді. Сарапшының қорытындысына сәйкес, мәйіт 10 айдан кейін табылғандықтан дененің көп бөлігі шіріп кеткен. Соған қарамастан сақталған тері бөліктерінен кемінде он пышақ жарақаты анықталған. Терінің көп бөлігі болмағандықтан, жарақат саны бұдан да көп болуы мүмкін, — деді судья.
Сот барысында барлық төрт жәбірленушінің кеуде тұсына, яғни жүрек аймағына пышақ жарақаты салынғаны анықталған. Бұл да қылмыстың кездейсоқ емес, қасақана жасалғанын көрсеткен. Сондай-ақ сот қылмыстың кек алу мақсатында жасалған деген қорытындыға келген.
— Алғашқы сот отырысында Сұлтан Сарсемалиевтің өзі «олардың маған жасаған қастандықтарына мен қасақана қастандықпен жауап беруді шештім, алдын ала жоспарладым» деп мәлімдеген болатын. Оған әрбір айтқан сөзі сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін екені ескертілді. Сот талқылауы барысында ол қайын жұртын кінәлауға тырысқанымен, отбасындағы қарым-қатынастың бұзылуына өзінің кінәлі екені анықталды. Сонымен қатар, оның жұбайына опасыздық жасағаны азаматтық іс бойынша бұрын қабылданған сот шешімімен дәлелденді, — деді Зарема Хамидуллина.
Судьяның айтуынша, сот процесі кезінде айыпталушыдан мұндай қылмысқа итермелеген нақты қандай сөздер немесе әрекеттер болғаны бірнеше рет сұралған. Алайда ол бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаған. Үкімді түсіндіру барысында судья қылмыстың салдарынан кәмелетке толмаған балалардың тағдырына да тоқталды.
— Қазір кішкентай балалар балалар үйінде. Оларға тәтті де, ойыншық та емес, ең алдымен ата-ананың мейірімі мен махаббаты қажет. Өкінішке қарай, сіздің әрекетіңіздің салдарынан олар осының бәрінен айырылып отыр. Бұл олардың өміріне өшпес із қалдырды, — деп ойын айтты Зарема Хамидуллина.
Судья сотталушының анасының «ұлым бұл өмірде ешқандай қызық көрген жоқ» деген сөзін де назардан тыс қалдырмағанын айтты.
— Ал Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина өмірден қандай қызық көрді? Екеуі де өмір бойы мүгедектікпен өмір сүрді. Ғұмырлары аса қатыгездікпен қиылды. Артында ұрпақ та қалмады, — деді ол.
Марқұмдардың туысы Әдемі Шылмағамбетова сот үкімінен кейін берілген жазамен келісетінін, балалардың әзірге мемлекеттік мекемеде болғанын құп көретінін айтты.
— Әуелі олардың анасы толық ем қабылдап, сауығып шықсын. Содан кейін балаларын өз қамқорлығына алады деп ойлаймыз. Заң бойынша да балалардың анасына берілуі тиіс. 2022 жылы ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалар анасының қарауына қалған болатын. Қазір олардың мемлекет қамқорлығында болғанын қалаймыз. Анасы емделіп шыққаннан кейін балаларын өзі бауырына басады деп сенеміз, — деді жәбірленуші тараптың өкілі Әдемі Шылмағамбетова.
Бүгін қоғамды дүр сілкіндірген қанды қылмысқа нүкте қойылды. Сұлтан Сарсемалиевтің кінәсі толық дәлелденіп, ол өмір бойына сотталды.
Айыпталушының соттағы күлкісі жаза тағайындау кезінде ескерілгенін еске салайық.