Судьялар дербестігінде жаңа реформалар ерекше әсер етті — Жоғарғы сот төрағасы
АСТАНA. KAZINFORM — Жоғары сот кеңесі үздік халықаралық стандарттарға жауап беретін органға айналды. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мәлім етті.
«Судьялардың нақты тәуелсіздігін қамтамасыз етуде Жоғары сот кеңесінің реформалары ерекше рөл атқарды. Мемлекет басшысының келісімі бойынша Жоғары сот кеңесі үздік халықаралық стандарттарға жауап беретін және сот билігінің барлық деңгейлерін білдіретін толыққанды судьялық өзін-өзі басқару органына айналды. 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен сот жүйесінің барлық кадр мәселелері, соның ішінде Сот төрелігі академиясы мен Сот жюриі Жоғары сот кеңесінің қарамағына ауыстырылды. Осылайша, қазір Жоғары сот кеңесі сот кадрларына, олардың біліктілігіне, одан әрі мансаптық өсуіне және құрметті отставкаға шығуына толық жауап береді. Бұл ретте барлық деңгейдегі төрағалар судьялардың кадрлық мәселелері мен мансабына ықпал ету мүмкіндігінен айырылды», - деді А. Мерғалиев.
Сонымен қатар ол судьялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында тәртіптік іс жүргізуді қозғаудың жаңа тетігі әзірленгенін айтты.
«Енді Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриі судьяның заңдылықты өрескел бұзғаны туралы көрсетілген әрбір күшін жойған сот актісін тексеретін болады. Конституциялық соттың ұсынысы бойынша заңды өрескел бұзу өлшемшарттарын заңнамалық бекіту мәселесі пысықталды», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Оның айтуынша, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмысы жетілдірілді.
«Апелляциялық сатының рөлі күшейтілді. Былтыр шілдеден бастап апелляциялық соттар істерді қайтаруды тоқтатты», — деді Асламбек Мерғалиев.