Судьяларды іріктеу емтиханының мерзімі қысқарды

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда судьяларды іріктеу емтиханы жетілдіріліп, оны тапсыру мерзімі едәуір қысқарды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова мәлімдеді.

2024 жылмен салыстырғанда емтихан саны үш есеге өсіп, 12 емтихан өткізілді. Оған 1 365 адам қатысты. Сонымен қатар біліктілік комиссиясының құрамы 40%-ға дейін жаңартылды.

– Бұрын комиссия отырыстары айына бір рет өтсе, қазір төрт ретке дейін көбейді. Соның нәтижесінде емтихан тапсыру мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқарды, - деді Жанат Оспанова.

Емтихан мазмұны да жаңартылды.

– Бұрын 300 сұрақ болса, қазір 1000 жаңа сұрақ әзірленді. Алайда қолжетімділік артқанына қарамастан, талаптар төмендеген жоқ. Нәтижесінде қатысушылардың тек 24,5%-ы ғана емтиханды сәтті тапсырды, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астанада кассациялық соттар жұмысын бастағаны хабарланған болатын.