Суға батып бара жатқан баланы құтқарған студент марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ТЖ министрінің бұйрығымен суға батып бара жатқан баланы құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, жанқиярлығы үшін Қазақстан-Америка Еркін университетінің 2 курс студенті Ерасыл Омарханов «Суға батқандарды құтқары үшін» медалімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға биыл 13 мамырда болған. Ерасыл Омарханов Үлбі өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.
Бала әпкесімен өзен жағасында серуендеп жүрген кезде суға құлап кеткен, судың ағысы оны алып кете бастаған. Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, Ерасыл дер кезінде қасында болып, баланы құтқарып қалды.
- Қазақстан ТЖ министрінің атынан көрсеткен ерлігі үшін алғыс айтамыз! Біздің өңірде өскелең ұрпақтың лайықты үлгі алатын осындай батырлары барына қуаныштымын! - деп атап өтті ведомстволық марапатты табыстаған ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Өскеменде ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршінді аман алып қалған Ерасыл Омарханов марапатталғанын жазған болатынбыз.
Үлбі өзенінде батып бара жатқан баланы аман алып қалған Ерасыл Омархановпен Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов кездесті. Бейбіт күннің батыры бүгінде Қазақстан-Американдық Еркін университетінде «Психология» мамандығында білім алып жатыр.
Әкім Ерасыл Омархановқа Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстады. Сонымен қатар «AN Group» компаниясы 2-ші курста оқып жатқан студенттің қалған оқу ақысын төлеп беретінін жеткізді.