Кирибати президенті Аноте Тонг бүгінгі таңда Фиджи өкімет орындарымен архипелаг аралдарының бірін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тонгтің айтуынша, әңгіме Фиджидің көлемі жағынан екінші Вануа-Леву аралын сатып алу жөнінде болып отыр, оның ауданы бес мың шаршы шақырымнан асады.
Бүгінде Кирибати халқы жүз мыңнан астам адамды құрайды. 33 кораллл атоллдан тұратын ел аумағы бірте-бірте суға батып бара жатыр. Бірде-бір атолл теңіз деңгейінен бірнеше метрден биік емес.
Аноте Тонг Кирибатидің суға батуы климаттық өзгерістердің салдарынан болып отырғанын бірнеше рет мәлімдеді. Ол атап айтқанда, атмосфераға парниктік газдар шығарындылары бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп отырған елдердің өкіметтері климаттың өзгеруінен зардап шегіп отырған мемлекеттердің халқына қамқорлық жасаулары қажеттігін атап көрсетті. Бұдан бұрын Тонг өз елінің тұрғындары үшін жасанды аралдар жасауды да ұсынған болатын.
Фиджи аралдары Кирибатиден екі мың шақырымнан астам жерде орналасқан. Батып бара жатқан мемлекеттің билігі халықтың бір бөлігі Тынық мұхит аймағының Австралия және Жаңа Зеландия сияқты елдеріне орын тебетін уақыт келер деп үміттенеді.
Тонг көші-қон қашан басталатынын нақтылаған жоқ. 2009 жылы сарапшылар ХХІ ғасырдың соңына қарай мұхит деңгейі 1,1 метрге көтеріледі деп болжам жасады, сол кезде Кирибати, сондай-ақ Океанияның басқа да кейбір мемлекеттері таяудағы 50 жылдың ішінде су астына кетпек.
Кирибати - бұрынғы британдық колония. Экономикасының негізі - кокос сату және балық шаруашылығы. Елдің көптеген тұрғындары нәпақа табу үшін көрші мемлекеттерге ағылады. 1979 жылға дейін Кирибати аралдарының бірі - Банабада фосфат игеру жұмыстары жүргізілді, алайда бұл үлкен экологиялық проблемаларға және арал халқының едәуір бөлігінің көшірілуіне әкеп соқты.