Суицидке бейімділікті анықтайтын отандық қондырғы елордада таныстырылады

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Ертең, 28 қаңтарда Астана қаласы Медицина колледжінде отандық жабдық - Әмбебап психикалық диагностикалық кешеннің (ӘПДК) таныстырылымы өтеді.

Бұл адамның психикалық эмоционалды күйін, соның ішінде суицидке бейімділігін анықтайтын мақұлданған психологиялық тестілер жиынтығы, деп жазады astana.kz Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Қазақстан соңғы онжылдықта аяқталған суицидтер саны бойынша Ресей мен Албаниядан кейін әлемде үшінші орынды иеленіп келе жатқаны жасырын емес. Бейім факторларды (ашуланшақтық, күйзеліс, жоғары невротизация деңгейі) анықтау өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының алдын алуға көмектеседі»,- дейді орталықтағылар. ӘПДК зейін көлемі мен жылдамдығы, есте сақтау қабілеті, жабығу, үрей, ашуланшақтық, жеке ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Аталған аппарат осы саладағы бірегей, сертификатталған ерекше қондырғы, зерттеу екі тілде жүргізіледі. «Ақпарат құпия сақталады. Анықталған патологиялық ерекшеліктер туралы ақпарат түзету жұмыстарын жүргізу үшін ұйымның, ЖОО психологиялық қызметіне беріледі»,- деп атап өтті орталықтағылар.