«Суымыз сарғыш түсті»: ШҚО-дағы кент халқы ауыз судың сапасыздығына шағымданды

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданы Первомайка кентінің тұрғындары тозып тұрған орталықтандырылған құбырлардың салдарынан ауызсудың сарғыш тартып, сапасы нашарлап кеткенін айтып шағымданды. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді. 

«Ауызсуды дүкеннен алуға мәжбүрміз»

Бүгінде Первомайка ауылдық округінде 4 мыңнан астам адам тұрады. Округ құрамында Первомайка кенті, Барашки мен Ново-Ильинка ауылдары бар. Кезінде тіршілігі қыж-қыж қайнаған мекеннің жыл өткен сайын керісінше базары тарқап, халқы азайып келеді. Соңғы 5 жылда 700-ге жуық адам басқа жаққа көшіп кеткен. 

Кеңес үкіметі кезінде мұнда Ертіс химия-металлургия зауыты болған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай жабылып, жұмыссыз қалған жұрт жаппай қалаға бет түзеді. «Ауызсу мәселесі шешілмесе көш тоқтамайды» дейді тұрғындар. 

- Қазір бізді толғандырып отырған мәселе – ауызсудың сапасыздығы. Тозып тұрған орталықтандырылған құбырлардың салдарынан суымыз сарғыш түсті. Оны ешкім ішпейді де. Үй шаруасына, кір мен ыдыс жууға ғана пайдаланамыз, - дейді кент халқы.

Сондықтан жергілікті жұрт ауызсуды дүкеннен сатып алып ішуге мәжбүр.

- Әкімдікке айтып келе жатқанымызға талай жыл болды. Алайда әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Дүкеннен күн сайын су алу – қалтамызға да салмақ!, - деп олар наразылықтарын білдірді. 

Фото: Шемонаиха ауданы әкімдігінен

Жоба түзетуге жіберілген

Kazinform тілшісі халықтың шағымына биліктің берер жауабын біліп көрді. Шемонаиха ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы желтоқсанда «Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының Первомайка кентінің сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау» ұзақ мерзімді жобасын іске асыру үшін Өскемен қаласындағы «Хамир СтройМонтаж» ЖШС-мен шарт жасалған.

- Мердігер ұйым материалдар сатып алды. Кеш қаржыландыруға байланысты (2024 жылғы қыркүйек) ауа райы жағдайларын ескере отырып, мердігер ұйым жобаны іске асыруға кіріспеді. «ХамирСтройМонтаж» ЖШС хатына сәйкес жобаны іске асыру барысында оны түзетуді және сметалық құнын арттыруды талап ететін қосымша факторлар анықталды. Бұл өз кезегінде жұмыстарды орындау мерзіміне әсер етті. Cөйтіп, жоба түзетуге бағытталды, - деп хабарлады бөлімнен.

Әлі осы түзету жұмыстары аяқталмаған. Биыл да жобаны іске асыру мақсатында облыстық бюджеттен қаражат бөлініпті. 

- Десе де «2025 жылға арналған республикалық бюджет көрсеткіштерін түзету туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 8 мамырдағы № 314 қаулысына сәйкес республикалық бюджетке салық түсімдерінің толық түспеуі себебінен ақша қаражаты қайта алынған, - делінген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми жауабында. 

Яғни, бөлінген ақша қайта алынғандықтан әзірге жобаның нақты іске асырылатын уақыты әзірге белгісіз. Ал жұрттың қалаға қарай көшін тоқтату мақсатында биыл қандай жұмыстар атқарылатынын Первомайка кентінің әкімі Жанат Тастенова айтып берді. 

- 2025 жылы Первомайка ауылдық округінің көшелеріндегі жарықшамдар жарықдиодты шамдарға ауыстырылады. Первомайка кентіндегі Жамбыл көшесінің жолы орташа жөндеуден өтеді. Новая көшесі бойынша тротуар орнатылып, Ново-Ильинка ауылында балалар алаңы салынады, - дейді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда шекарадағы ауыл «қытай интернетін» пайдаланып отырғаны жайлы жазғанбыз.