«Бірінші - кредиттер бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін енгізу. Бүгінгі күні кредиттерді субсидиялау екінші деңгейлі банктердің 19 пайыздық атаулы сыйақы мөлшерлемесі көлемінде жүзеге асырылады. Дегенмен, бұл параметрлер негізі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі шамамен 25 пайыз болғанда қалыптасқан еді. Қазір бұл мөлшерлеме 10,5 пайызды құрайды»,- деді ол.
Оның айтуынша, екіншіден 180 млн теңгеге дейін кредиттерді субсидиялау кезінде облыс әкімдері жанынан құрылған өңірлік үйлестіру кеңесінің мақұлдауын жою қажет. Үшіншіден, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың мерзімін ағымдағы 3 жылдан 5 жылға дейін ұзарту ұсынылады. Төртіншіден, БЖК-2020 бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдіктерін кредит жартылай мақсатсыз пайдаланылған кезде жою туралы талапты алып тастау керек.
«Бесінші - бірыңғай бағдарламадан ірі кәсіпкерлік субъектілерін алып тастау. Бұл бірыңғай бағдарламаның мақсатына және міндеттеріне ірі кәсіпкерлік субъектілерге қолдау көрсету жатпайды деп санап отырған Есептік комитеттің де пікіріне сай келеді. Біз жүргізген сараптамаға сәйкес бағдарлама жүзеге асырылған осы уақытқа дейінгі аралықта қаржының 25 пайызы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне берілген. Олардың ҚДБ, ҚДБ лизинг арқылы қолдау тетіктері онсыз да жеткілікті», - деді Сүлейменов.