Сүлейменов мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі жүзеге асырылмаған салаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 10 айында 845 млрд теңгеге 192 мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту міселелері бойынша баяндаған  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылдың 15 қазандағы жағдайға сәйкес 1,1 трлн теңгеге 443, ал осы жылдың 10 айында - 845 млрд  теңге сомаға 192 шарт жасалды. Аталған кезеңде 142 млрд теңге сомасына 275, ал 10 айда - 29,1 млрд теңгеге 49 жоба пайдалануға берілді. Қосымша дайындықтың әр түрлі сатысында жалпы сомасы 1,5 трлн  теңгеге 721 жоба бар. 2018 жылдың 10 айында жобалар өсімі  253-ті  құрады. Салалық бөліністе жасалған 449 жобаның көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт  салаларында іске асырылады», - деді министр.

Оның дерегінше, әріптестік тетігі сумен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылым сияқты негізгі салаларда іске асырылмай жатыр.

«Осыған орай мемлекеттік органдарға осы бағыттағы жұмысты бастау ұсынылады. Жоғарыда аталған шарттардың негізгі үлесі өңірлерде. Бұл  - 221,1 млрд теңгеге 440  жоба. 2018 жылы жасалған шарттар саны бойынша Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Қостанай  және Ақмола  облыстары көшбасшы болып табылады. Аталған жобаларға тартылған инвестициялар көлемі 100,6 млрд теңгені құрайды», - деді ол.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тартылған инвестициялар бойынша осы жылы Астана қаласы, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары көшбасшы болып отыр.