Сұлтан Сартаев: Наурыз - Жаңа жылдың жаршысы

АЛМАТЫ. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Наурыз - тіршіліктің бастауы. Бұл тек шығыс халықтарының ғана емес, күллі тіршілік иесі үшін ұлы мереке.

Бұл айда жыл жаңарады. Сондықтан Наурыз - Жаңа жылдың жаршысы. ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев бүгін Алматыдағы Халықаралық Наурыз мерекесі кезінде осылай айтты.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткерінің пікірінше, жылдың гүлдену, көркею мерекесі барша адамзаттың ортақ мерекесі. Оны мерекелеу арқылы мемлекеттің, халықтың даму деңгейі көрінеді. Қыстан қысылып шыққан барлық тіршілік иесі еріні аққа, аузы көкке тиіп мәре-сәре болып жаңа күнге жаңа қадамдарын жасайды. Онда нәсілдік, ұлттық, жыныстық, әлеуметтік және жас жағдайына қарай ешқандай шектеу болмайды. Тек әрбір ұлт пен ұлыс өзінің географиялық, тұрмыстық, мәдени ерекшеліне қарай әр уақытта, әртүрлі жағдайда атап өтеді.