Сұлтанбек Мәкежанов: Басты мақсатымыз – Жаңа Қазақстанды құру

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Басты мақсатымыз – Жаңа Қазақстанды құру. ҚР Президентінің Жолдауына орай Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің саяси жүйесінің кешенді жаңғыру бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама қоғам қажеттілігі мен сұранысына байланысты негізделгенін де ерекше атап өтті. Бағдарламаның бірінші бағытында Президент өкілеттігін қысқарта отырып, өкілдік билік тармағын, яғни Парламент рөлін нығайту жолдарын жан-жақты талдап, нақтылап көрсетті. Сайлау жүйесін жетілдіру – азаматтардың мемлекеттің басқару ісіндегі рөлін арттыру үшін бағыталғандығы туралы да баяндалды. Мажоритарлық сайлау арқылы әрбір азамат Парламент, мәслихат депутаттығына сайлана алады», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, парасатты халқы бар еліміз қуатты мемлекеттің негізі деген қағиданы ұсынған Президент он шақты кешенді реформаның ерекшеліктері мен бағыттарына жеке-жеке тоқталды.

«Жолдау еліміздің әлеуметтік әділеттікке, бәсекеге қабілетті басымдықтарға негізделген дамудың жаңа қағидаттары жөніндегі іс-қимылдың кешенді стратегиясын белгіледі. Онда көппартиялықты саяси бәсекелестікті, ой-пікірдің сан-алуандылығын дамытуға ықпал ететін ауқымды міндеттер қойылды. Партиялар саны көбейетіні сөзсіз. Себебі жаңа партия құру үшін, тіркеу саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылды. Ұлттық құрылтай, Жоғары аудиторлық палата, Конституциялық соттың құрылуы және жаңа үш облыстың ашылуы, халықтың қажеттілігін тез арада шешетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасатын дамытуға бағыттылған саяси реформалардың жалғасы саналады», - деді ол.

Сенатор реформаларды жүзеге асыру барысында Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15 аса заңға өзгеріс енгізу көзделіп отырғандығын айтады.

«Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, Жолдаудағы міндеттерді орындау үшін, топтасуға және халқы мықты, қуатты, гүлденген – Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Фото: almaty.tv