Сұлулық пен шығын: Ер күтімі қанша тұрады?
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір сән әлеміндегі үрдіске ілесу әйелдердің ғана емес, ерлердің де ермегіне айналды. Азаматтардың бет күтімі, шаш үлгісі, киіну дәстүрі бірте-бірте жаңа арнаға бұрылған. Кететін шығын ұлғайып, сәннен пайда тапқандар аз емес. Осы орайда ерлер арасындағы сәнге жұмсалатын қаржы мен саладағы өзгерістерді талдап көрейік.
Beauty-индустрия: ерлер үлесі 15 пайызға жетті
Ерлердің сәндегі бағдары бірнеше бағытты қамтиды: сақал-мұрт күтімі; бет-әлпет әрлеу; шаш үлгісі; киім кию дағдысы. Алдымен мұның бәріне әлеуметтік желідегі танымал өнер иелері мен блогерлердің жүріс-тұрысы себеп болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін ерлер арасында бет күтіміне көңіл бөлу сирек кездессе, қазір қалыпты құбылысқа айналған. Кеңес кезеңінде жас жігіттер арасында бірді-екілі ұшырасатын қауға сақал қазір сәнде. Саладағы аталған өзгерістер beauty-индустриядағы жаңа бетбұрыс – ерлер сәні ұғымын жарыққа шығарды.
Jusan Analytics зерттеуіне сүйенсек, beauty-индустриядағы ерлердің шаш қысқарту қызметі жалпы нарықтың 15 пайызынан асады, кей сарапшы статистиканы 20 пайыз деп көрсетуде. Қалай болған күнде де азаматтардың сәнге жақындау үрдісін жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне кейінгі жылдары тек ерлерге арналған сұлулық салондарының, яғни Barbershop желілерінің көбеюі байқалады. 2GIS қосымшасындағы мәліметке сенсек, Астана қаласының өзінде 200-ден астам Barbershop жұмыс істейді.
Барбер маман Раушан Русланқызының айтуынша, бүгінде «классикалық шаш үлгісі» деген ұғым жоқтың қасы. Бұрын ерлер арасында 2-3 шаш үлгісі ғана кең тарайтын, көп кезігетіні «классика» атауын еншілейтін еді. Қазір кемі ондаған үлгі бар әрі жас ерекшелігіне қарай қосымша жіктеледі екен.
– 2016 жылдан бастап барбер ретінде кәсіби қызмет етемін. Бір күнде орта есеппен 10-12 адамның шашын қысқартамын. Кәсіби қызметімде байқағаным, 13 жасқа дейінгі балалар шашына ою үлгісіндегі белгілерді салуға құмар, 18 жасқа дейінгі балалар ұзын шашты сән көреді. Осы екі санаттағы балалар арасында өте көп үлгі бар, көбі тұтынушының сұранысына орай ерекшеленіп отырады.
Ал 30 жасқа дейінгі ерлер арасында «Undercut», «FADE», «Mohawk», «Buzz cut», «Канадка», «Британка» деген шаш үлгісі танымал. «Бокс», «полубокс», «теннис», «кроп» және әрқашан трендте болатын «классика» шаш үлгісі сәнде, – дейді маман.
Барбер сәнге қызығатын ер адамдардың ерекшелігіне тоқталды. Айтуынша, көбі бір келген сұлулық салонына қайта келуді әдетке айналдырған. Мұны Jusan Analytics зерттеуі де растап отыр. Жыл бойы 20-30 жас аралығындағы қазақстандықтардың 41 пайызы әртүрлі сұлулық салонына барса, 59 пайызы 1-2 салонмен шектеледі.
Орташа чек – 5 мың теңге
Fortune Business Insights дерегінше, 2029 жылы сұлулық салондарынан түсетін қаржы 355,4 млрд долларды құрамақ. Бұл шындыққа жансатын секілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, сәуір айында шаштараз бен сұлулық салон қызметі 2,6 пайыз қымбаттаған. Нарықты бақылау барысында баға көрсеткіші ерлер сән әлеміне де әсер еткенін көреміз. Шартты түрде сұлулық салоны сегментін үш сатыға бөлсек – «эконом-класс», «орта санат», VIP – бәрінде өсім бар.
Қолжетімді саналатын «эконом-класста» балаларға шаш қысқарту 2000-3000 теңгеден басталса, ересектер үшін 3500 теңгеден кем емес. «Орта санатта» дәстүрлі шаш қысқартудан бөлек сақал-мұрт бастыру, депиляция, күтім маскасы кіреді, мұндағы орташа баға – 6000-7000 теңге. Ал VIP санаттағы ең төменгі баға 7000 теңгеден бастады.
Статистика бюросының мәліметінше, ерлердің шаш қысқартуға жұмсайтын шығыны орта есеппен 2604 теңгені құрайды. Бюро мәліметінше, Алматыда статистика 3601 теңгені, Оралда – 1795 теңгені көрсеткен. Өзге қалаларда 1,9 мың теңге мен 3,4 мың теңге айналасында. Өткен жылы 9 айда сұлулық салондары мен шаштараз қызметі 49,2 млрд теңге табыс тапқан.
Маңыздысы, елдегі сұлулық салонының 65 пайызы – «эконом-класс», 28 пайызы – «орта-санат», 7 пайызы – VIP санатына жатады. Демек, халықтың басым дені және сұраныс ауқымы «эконом-классқа» тиесілі.
Жалпы, статистика бойынша ерлер салонға егде тартқанда жиі барады екен, яғни 46-50 жаста сұлулық салонын аралайды. Оның үстіне кейінгі жылдары ерлер сақал-мұртын бұрынғыдай үйінен алмай, арнайы салонға баруды әдетке айналдырған. Тіпті шугаринг, пилинг қызметіне жиі жүгінетіндер көбеюде.
Тұтынушыдан маманға дейін
Байқасақ, ерлер сән әлеміндегі тұтынушы ғана емес, сұлулық салоны мамандарына да айналып үлгерген. Әлеуметтік желіде әйелдердің сұлулық салонында жұмыс істейтін ер маманның көбейгенін байқаймыз. Қызығы, олардың қызметі әйел визажист, шаш әрлеушіге қарағанда жоғары. Нәзік жандылар да реті келсе, ер маманға жүгінуге құмар.
Атыраулық Ади Тажиев – алғашқы визажист ер мамандардың қатарында. Ол 17 жасынан бет әрлеумен шұғылданып келеді. Қазір ауқымды аудиториясы бар визажиске айналған.
– Ең алғаш Атырау қаласында визажист курсының бастапқы бөлімін меңгерсем, кейін Алматы қаласында біліктілікті жетілдіру сыныбынан өттім. Осы саланы жетік меңгеріп алу үшін, Мәскеу қаласының атақты визажисі Гоар Аветисянның шеберлік сабағына қатыстым. Әлі күнге әрдайым өзімді шыңдап отырамын.
Осыған дейін көп шәкірт дайындап, шығардым деп айта аламын. Оқуларды жеке және топпен өткіземін. Осы күнге дейін 100-ге жуық қызды оқыттым. Курсты кемі 10 күн оқиды. Көп шәкірттерім 5 сабақ оқып, клиент қабылдап жатады. Бұл мен үшін қуантарлық жайт. Шәкірттерімнің сапалы білім алып, сапалы жұмыс жасауы басты қағида. Қаншама қыз-келіншектердің сұлулықтарына сұлулық қосу, бояуды жарасымды етіп орнымен қолдану оңай жұмыс емес. Үлкен шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді, – деді Ади Тажиев.
Трансплантация да табысқа айналған
Сарапшылар ерлер арасындағы келбет күтімінің бір тармағына шаш пен сақал өсіруге арналған өнімдер мен қызметті енгізген. Жоғарыда атап өткеніміздей, ер азаматтар арасында қалың шаш пен қауға сақал сән. Алайда үрдіске ілесу кейбіріне бұйыра бермейтіні бар. Оған денсаулық жағдайы, генетикалық ахуал, экология себеп болып отыр. Ал 30-40 жас аралығындағыларда шаштың түсуі көп кездеседі. Осы тұрғыдан қарасақ, көп ер шаш өсіруге арналған өнімді қолдануға әуес. Қымбат сусабын, дәрі-дәрмек, косметикалық өнімдердің саудасы жүріп тұр. Ең соңғы амалға шаш трансплантациясын жатқызуға болады.
Қазір Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалпы саны 25-ке жуық шаш трансплантациясын жасайтын орталық бар. Орташа баға – 50 000 теңге мен 750 000 теңге аралығында. Бұрын мұндай операция үшін Түркия еліне баратын, қазір Қазақстанда да жасатуға мүмкіндік туған. Содан болар, бұл қызметке жүгінетін ерлердің қатары артып жатыр.
Алайда трихолог дәрігер Әйгерім Исамалинова шаш отырғызу операциясына байыппен қарауға шақырды. Себебі бұл процедура жоғары білік пен тәжірибені қажет етеді. Ал жарнамасы жер жарғанымен, кей шаш трансплантациясымен айналысатын маманның қабілеті төмен. Зардабын халық тартып отыр деген пікірде.
– Шаш трансплантациясын жасау маманнан аса шеберлікті қажет етеді. Кез келген трансплантолог шашты сәтті орната алады деуге сену қиын. Орнату бағыты мен жолын дәл таппаса, еккен шаштан пайда жоқ. Ол аздай. салдарынан шаш қисық өсуі мүмкін. Сондықтан беталды жасауға болмайды. Донор аймақтағы шаш қалың ба, адамның денсаулық жағдайы жақсы ма, терінің жайы қалай, бәрін ескерген жөн, – дейді дәрігер.
Еске сала кетейік, бұған дейін қыздар қауымының «сұлулыққа» қанша ақша жұмсайтынын жазған болатынбыз.