***
«Егемен Қазақстан» газеті шыққанына аз ғана уақыт болса да үлкен сұраныс пен қызығушылық тудырып отырған «Айсәуле» косметикалары жөнінде жоба жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Мұсаевамен болған сұхбатты жариялап отыр. Елімізде әйелдер косметикасы өндіріле бастады. Кез келген сауда орталықтарында самсап тұратын шетелдің сапасыз тауарларынан көп нәрсе жоқ. Әйелдер қауымы осынау өнімдерге қаражатын аямай жұмсайтыны рас. Енді, міне, өз елімізде шығарыла бастаған косметиканы алып, бірінші кезекте ел экономикасына үлес қосуға және отандық өнімді сенімді түрде қолдануға негіз бар. Бұл сұхбат «Сұлуы мен жылуы бірдей косметика» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда «Көмбеде емес, көрмеге қойылған» деген мақала басылды. Ұлттың кәдесіне молынан жарап, қымбат жәдігерге айналған сондай баға жетпес құндылықтар бүгінде көмбеде жатпайды, кітапханаларда құрметпен сақталып, кейінгі ұрпақ зерделесін деп ілімнің көзіне айналып, ара-тұра көрмелерге қойылады. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты «Кітап - дәуір айнасы» атты ашық есік күнінде өткізілген «Кітап - тарих, кітап - қазына» атты сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесінің ашылуына жиналған халықтың қарасы әжептәуір көрінді.
Салтанатта сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кітаптың баға жетпейтін қазына екендігін айтып, құндылықтарды құрметтеуге шақырса, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы өзінің жас кезін еске алып: «Біздің қыз-бозбала кездерімізде бір-бірімізбен танысатын, табысатын орнымыздың бірі кітапхана еді. Қыз бен жігіт кездесуді кітапханаға белгілейтін. Біздің буынның кітапқа, кітапханаға деген қызығушылығы орасан еді. Жастар, бір сәт смартфон, планшеттерді ысырып, тасқа басылып, қағазға маржан болып өрілген кітапқа үңіліңіздер», - деген апалық тілегін жеткізді.
Көрме сөрелерінен шын мәнінде баға жетпес қазыналар орын теуіпті. Араб, түрік, шағатай, латын таңбаларымен, кириллицамен жазылған сирек кітаптар мен қолжазбалардың қай-қайсысы да таңдандырады. Ахмет Байтұрсыновтың 1909 жылы жарық көрген «Қырық мысалы» Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасымен 1942 жылы шыққан «Абай» романы, сирек қолжазбалар әйтеуір әр қымбат қазына көрмеге келушіні өз қасына ұзақ аялдатады.
Көрмеге қойылған әрбір кітап өзіне осылай тартса, кітапхананың қорында жинақталған құнды дүниелер ауқымы да бөлекше. Зерттеушілерін күтіп жатқан халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Хасен Оралтайдың 6441 құжаты, академик Зәки Ахметовтің 876 құжаты сынды дүниелердің талай талапты жасқа азық болатыны анық. Александр Блоктың қолтаңбасы бар «За гранью прошлых» атты жыр жинағы, бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы, алақанға сыятын кітап дейсіз бе, қордағы қазына әлі талай көрменің төрінен орын алып, талай жанды білімнен сусындатпақ.
Айтпақшы, көрменің ашылуына астаналық жазушы қауым тарту-таралғы жасады. Жазушы, журналистер Табыл Құлыяс, Ағайдар Ысым, Толымбек Әбдірайым сирек кездесетін кітаптар мен өз шығармаларын кітапханаға ұсынды.
***
«Наурыз мерекесінде Алматы қаласының 1000 жылдығына орай «Мың жасаған шаһар» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Мың жасаған шаһар» атты мақаласында.
Айтысқа республикаға танымал 12 ақынмен бірге, Моңғолия, Қырғызстан ақындары қатысады. Биыл - Алатау баурайындағы әсем қала, азаттықтың бесігіне айналған Алматының 1000 жылдық мерейтойы. Бұл атаулы оқиға ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Мерекенің көркін ұлыстың ұлы күні айтыскер ақындар бастап қыздырмақ. Айтыстың мақсаты - тамыр, тарихы тереңде жатқан ару қала алматының 1000 жылдығын жырға арқау ету.
Осы басылымда «Ұлттық музейде сәбилердің тұсауы кесілді» деген мақала берілген. Астанадағы Ұлттық музейде Наурыз мерекесінің қарсаңында елдің елдігін көрсететін ерекшелеу шара ұйымдастырылды.
Жаңашыл жобаларымен жұртқа танылған музей ұжымы бұл жолы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесіп, сауапқа да, алғысқа да кенелді.
Сәбилердің тұсауын кесуге Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы Майра Мұхамедқызы, жазушы-сатирик Көпен Әмірбек, «Астана ақшамы» ЖШС директорының орынбасары, белгілі журналист Зейін Әліпбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин, «Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, белгілі саясаттанушы-журналист Жарқын Түсіпбекұлы сынды белгілі азаматтар шақырылды.
***
«Мерей және К» ЖШС басшысы Төлеген Шаудыр мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктерді пайдалана отырып, өзінің шалғайдағы шопандық қыстақтарының біріне батыстық үлгідегі энергия үнемдегіш құралды орнатты»,-деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Ветра и солнца брат» атты мақаласында.
Кәсіпкердің аталған қыстағы Байғанин ауданы Қарауылкелді елді мекенінен 40 шақырым жерде орналасқан. Бұған дейін осында малды суару үшін дизельдік насосты қосу қажет болатын, бірақ та оны үнемі дизельдік отынмен қамтамасыз ету қиынға түсетін еді.
«Енді бұл проблемалар артта қалды. Электр энергиясында тапшылықты сезініп отырғанымыз жоқ»,-дейді Төлеген. Аталған қыстақта 1,5 мыңға жуық еділбай қойы, екі жүз ірі қара мал, 100-ге тарта жылқы бағылуда. Электр энергиясын қамтамасыз етіп отырған құралдарды тиімді орнату жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы оқып шығыңыз.