Су мен өрт қаупі: Ақтөбе облысының қауіпсіздік паспорты жария талқыға шықты

Фото: Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында су басу қаупі жоғары 58 елді мекен бар. Ал 114 елді мекеннің мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ. Ақтөбе облысы аумағының қауіпсіздік паспорты жария талқылауға шықты.

Ақтөбе облысы әкімдігінің сайтында Ақтөбе облысы аумағының қауіпсіздік паспортының жобасы жарияланды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі қазір құжат талқылауға шығарылғанын хабарлады. Құжаттағы деректерге сүйенсек, 2024 жылдың қараша айында облыстың халық саны 939 мыңнан асқан. Оның 461 мыңнан астамы ер, 478 мыңнан астамы әйел болса, 285 995 бала тіркеулі. Облыс тұрғындарының 235 мыңнан астамы ауылда тұрады. 

— Тасқын және еріген су басуға бейім 58 елді мекен бар. 2024 жылы Қобда, Ойыл, Ырғыз, Темір, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. Ақтөбе облысында сейсмикалық аймақтарда орналасқан 5 елді мекен бар. Олар: Бадамша ауылы (Қарғалы ауданы), Комсомол ауылы (Әйтеке би ауданы), 3) Мәртөк ауылы (Мәртөк ауданы), Ырғыз ауылы (Ырғыз ауданы) және Шалқар ауылы (Шалқар ауданы). Ақтөбе облысы бойынша 230 ескі үй бар. Оның 31-і апатты жағдайда тұр. 6 үйдің мәселесі шешілсе, қалған 25 көппәтерлі апатты тұрғын үйге жеке инвесторлардың қызығушылығы жоқ. Қазіргі уақытта 25 көппәтерлі апатты тұрғын үйдің немесе 582 пәтердің тұрғындарын реквизициялау жолымен кезең-кезеңімен (3 жыл) көшіру үшін шамамен 5,766 млрд теңге қажет, — деп жазылған құжатта.

Облыста мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ 114 елді мекен тіркелген. Ал 196 елді мекенде 73 өрт сөндіру бекеті, 14 өртке қарсы ерікті құрылым бар. Қауіпсіздік паспортында жолдар жайы да жазылған. Өңірдегі жол ұзындығы 6200 шақырымнан асса, оның 1544 шақырымы, яғни 24,6% қанағаттанарлықсыз күйде. 

Айта кетейік, Ашық НҚА порталында әлеуметтік азық-түліктің екінші тоқсандағы шекті жария талқыға шықты. Онда 19 тауардың 13-інде баға өсімі бар.