Сумен жабдықтау инфрақұрылымдарын дамытуда заманауи технологияларды пайдалану қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау инфрақұрылымдарын дамыту үшін заманауи технологияларды пайдалану қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында Мәжіліс Төрағасы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қандай талаптарға сай болуы керектігін атап өтті.

«Халық сапасына кепіл бар ауыз суды күні-түні және шектеусіз алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл - 21 ғасыр талабы. Біздің азаматтарымыз қай жерде болса да, ауылда немесе қалада тұрып жатса да дәл осындай шектеусіз мөлшерде күні-түні қамтамасыз етілуі қажет. Тарифтер әділ болумен қатар суды тазалау және бөлу шығындарын қамтамасыз етуге жеткілікті болуы тиіс», - деді ол.

Оның айтуынша, тариф халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы үшін қолжетімді болмаған жағдайда субсидиялау немесе атаулы көмек көрсету қажет.

«Тұтынушыларға қызмет көрсетудің жоғары деңгейі өте маңызды талап саналады. Әрине, бұл ретте біздің су ресурстарымызды тиімді пайдалануда да үлкен мәселелер бар. Еліміздің өңірлерінде тарифтеу және өзге құралдар арқылы қол жеткіздің айқын мысалдары бар», - деді Мәжіліс Төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, аталған өңірлерде ауыз су және шаруашылыққа қажетті су ретінде бөлек-бөлек беріледі.

«Мынадай ұстаным енгізілуі тиіс: тұтынушы алған қызметіне әділ баға төлеген кезде ол сәйкесінше лайықты қызмет алуы қажет. Сумен жабдықтау инфрақұрылымдарын тұрақты дамыту, оның ұзақ уақыт қызмет көрсетуі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар мен материалдарды белсенді пайдалану қажет. Бұл талаптардың барлығын жүзеге асыру лайықты деңгейде қоғамдық мониторинг болғанда ғана жүзеге асырылады», - деді ол.