Сумен жабдықтау жүйелерін дамыту бағытында 32 жоба жүзеге асырылып жатыр - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау жүйелерін дамыту бағытында елімізде 49 млрд. 745 млн теңгенің 32 жобасы жүзеге асуда. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен Су ресурстары комитетінің 2015 жылды қорытындылауға арналған алқа отырысы барысында мәлім болды.

«Оның ішінде 2015 жылы 11 млрд 84 млн. теңге бөлініп, желтоқсан айының басындағы жағдай бойынша 9 млрд.теңгесі игерілді. Сонымен қатар, мемлекеттік комиссия актісімен 6 нысан пайдалануға қабылданды, 3 нысан бойынша жұмыстар әлі жүргізілуде. 2016 жылдың бірінші жартысында тағы 9 сумен жабдықтау нысандарын аяқтау жоспарлануда», делінген Комитет таратқан мәліметте. Бұдан бөлек, ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу және қайта жаңарту бойынша 2015 жылы 28 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 7 млрд 566,5 млн.теңге бөлінген. Оның ішінде 10 желтоқсандағы жағдай бойынша 9 нысан қолданысқа беріліп, 6 млрд 413,7 млн.теңге игерілді. Сонымен қатар, шаруашылық каналдардың аса апатты учаскелерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары бойынша жалпы құны 1 млрд 432 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып келеді. Соның ішінде, 2015 жылы 817 млн. теңге бөлініп, аталған нысандарды ағымдағы жылдың желтоқсан айының аяғына дейін аяқтау жоспарланған.