Сунь Вэйдун: Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың болашағы айқын
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Президенттік орталықта «Орталық Азия мен Қытай ынтымақтастығы және дамуы» форумы, сондай-ақ ІІІ «Жібек жолы» халықаралық коммуникациялық конференциясы өтіп жатыр.
Форум аясында ұйымдастырылған «Қытай – Орталық Азия тағдырлас қауымдастығын құру, жаһандық өзгерістерге бірлесіп төтеп беру» атты тақырыптық сессияда Қытай – Орталық Азия механизмі хатшылығының басшысы Сунь Вэйдун сөз сөйледі.
Ол баяндамасында аймақтық байланыс пен азаматтар арасындағы түсіністіктің маңыздылығына тоқталып, әсіресе жастар арасындағы достықты Қытай – Орталық Азия ынтымақтастығының мызғымас негізі ретінде атап өтті.
Сунь Вэйдунның айтуынша, Қытай мен Орталық Азия халықтарының достығы мыңдаған жылдарға созылған тарихи сабақтастыққа ие. Бүгінгі таңда бұл қатынастар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
– Байланыс тек инфрақұрылым арқылы ғана емес, ең алдымен, жүрек пен сана арқылы жүзеге асады. Шын мәнінде, адамдар арасындағы сенім мен түсіністік – кез келген серіктестіктің ұзақмерзімді кепілі, - деді ол.
Сунь Вэйдун жақында Қытайдың Сиань қаласында Қытай – Орталық Азия Сиань саммитінің екі жылдығына орай ұйымдастырылған кездесуді еске алды.
Онда Қытайда білім алып жатқан Орталық Азия елдерінің студенттерімен жүздесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдағанын ерекше тебіреніспен баяндады.
– Жастар – болашақтың берік іргетасы. Олар өміршең идеяларымен, шынайы әңгімелерімен жүректі жылытып, Қытай мен Орталық Азия арасындағы достықты жаңа деңгейге көтеруге ынталы екендерін көрсетті. Олардың бойынан өзара қолдауға, ортақ даму мен өркендеуге деген шынайы ұмтылысты көрдім. Мен сол кездесуден кейін Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың болашағы айқын, сенімді екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бұл – ортақ тағдырлы халықтар арасындағы шынайы серіктестік, - деді Сунь Вэйдун.
Сөзінің соңында Сунь Вэйдун алты мемлекет бірлесе отырып өзара байланысты одан әрі тереңдетіп, білім мен мәдениет салаларындағы алмасуды күшейту арқылы берік, гүлденген, сенімді Қытай – Орталық Азия тағдырлас қауымдастығын бірге қалыптастыруға шақырды.