Сүндет Байғожин «Большая опера» жобасының финалына өтпей қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық баритон Сүндет Байғожин «Большая опера» тележобасынан шығып қалды. Он бірінші бағдарламаның қорытындысы бойынша, орындаушы финалистердің үштігіне енбей қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның финалды шығарылымында қатысушылар екі нөмірден орындады. Джоаккино Россини, Джузеппе Верди, Гюстав Шарпантье, Жорж Бизе операларының ариялары, Исаак Дунаевский, Серафим Туликов, Алексей Мачавариани, Алексей Комитастың әндері шырқалды.

«Большая опера» финалистерін «Геликон-опера» Мәскеу музыкалық театрының режиссері және көркемдік жетекшісі Дмитрий Бертман, румыниялық опера әншісі колоратурлық сопрано иесі Нелли Миричою, бельгиялық опера әншісі, тенор Аксель Эйверарт, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, сопрано Марина Мещерякова іріктеді. Галина Вишневскаяның Опералық ән салу орталығы оркестрінің сүйемелдеуімен Сүндет Байғожин Дж. Россинидің «Севильский цирюльник» операсынан Фигароның «Largo al factotum...» кавантинасын және «Родина» (әні: С. Туликов, сөзі: Ю. Полухин) туындысын орындады.

«Астана Операның» жетекші солисі бұл жолы әділ қазылар алқасын тәнті ете алмады, олар Тигран Оганян, Ксения Нестеренко және Юрий Городецкийді таңдады. Аталған әншілер 26 желтоқсан күні Үлкен театрында өтетін жоба финалына қатысады. «Большая операның» кезекті жеңімпазын телекөрермендер смс-дауыс беру арқылы анықтайды.

«Большая опера» 2016 жылы 8 қазанда телеэфирде жарық көрді. Жобада әлемнің 7 елінен келген 12 вокалист бақ сынасты. Әр бағдарламада бір қатысушы шығарылып отырды. Қазақстандық баритон бірден қазылар алқасының оң бағасын алып, көрерменннің ықыласына бөленді. Ол орындаған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсының Абай партияларын ең үздік нөмір деп айтуға болады.

Сүндеттің жанкүйерлері әділ қазы алқасының шешімімен келіспеді. «Сүндеттің финалға өтпей қалғаны өкінішті. Даусы қандай керемет! Жоба бойы соған дауыс беріп едім. Оған сәттілік тілеймін!», - деп жазды «ВКонтакте» желісінде Ирина Карлова. «Сүндетпен қоштасқанда, көзіме жас келді. Жүрегімді жұлып алғандай! Сүндеттің дауысы өте кең! Ол құрметке лайық», - деді Ангелина Ковалева.

«Кететін адамдар көп, финалдың алдында кеткен әрине, қиын. Қалай болған күнде де мен Сүндетке оның үлкен баспалдақтардан көтеріле беруін, жеке өміріне бақыт және көп жақсылықтар тілеймін. Туликовтың әні өте қатты әсер етті. Оның таңдауына ризамын. Жағдай осылай болды екен деп қажымасын. Бұл миллиондаған көрермендері бар жоба, теңдессіз тәжірибе. Жолың болсын, Сүндет!»,-дейді Александра Саврова.

«Большая опера» жобасы жас опералық әншілерге арналған жалғыз кәсіби телевизиялық байқау. Оның басты мақсаты - дарынды вокалистердің арасынан жаңа есімдер шығару және олардың кең танылуына мүмкіндік жасау. «Большая опера» жобасының алғашқы үш маусымы көрермендер үшін үлкен қызығушылық тудырды.

Ресейліктермен қатар жобаға Германия, Австрия, Моңғолия, Армения, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан өнерпаздары да қатысты. Олардың әрқайсысы өз елдеріндегі опера өнері бойынша қалыптасқан дәстүрді паш етті.

Айта кетейік, 2014 жылғы маусымның жеңімпазы «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының әншісі Салтанат Ахметова болатын.