Сұңғылаға деген сұраныс өте жоғары - Жамбыл облыстық ормандарды қорғау жедел қызметінің бас маманы

АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат - Дәрілік шөптерді жинаушыларға тек Жамбыл облысында ғана биыл 100 тоннаға жуық сұңғыла тамырын жинауға рұқсат берілді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының Ормандарды қорғау жедел қызметінің бас маманы Бақыт Сербаевтың айтуынша, көктемде 1,5-2 ай өмір сүретін бұл дәрілік шөптің тамырын жинау 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізіледі.

«Тамыры 1 метрден кем болмайтын бұл өсімдік құмды-шөлейтті жерлерде өседі. Сексеуілдің арасында көп кездесетін сұңғыланың өсімдіктер әлемін сақтауда өз орны бар. Біздің облысымызда оның емдік шөп ретінде жинала бастағанына 10 жылдың жүзі болды. Дегенмен соңғы 2-3 жыл көлемінде оған деген сұраныс күрт өсті. Орманшылардың рұқсаты арқылы жиналатын өсімдіктің көлемі есептеу арқылы реттеліп отырады», - дейді Б. Сербаев.

Сұңғыла тамыры шығыс медицинасында бауыр ауруларын емдеуге қолданылады.