«Сұңқар» сауықтыру кешенінде жүгіруден «мұнайлы 110 метр» атты жарыс өтті

АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешенінде жазғы маусым аяқталды. Ағымдағы жылы аталған кешенде 7-14 жас аралығындағы 1200-ден астам бала демалды, олардың арасында «ҚазМұнайГаз» компаниясының өндірістік бөлімшелері қызметкерлерінің балалары да бар,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

4-ші жазғы семестрдің соңғы күнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның бастамасымен  балалар арасында қазақстандық мұнайдың 110 жылдығына арналған  спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Сұңқар» сауықтыру кешеніне жазғы демалысқа келген 74 бала «мұнайлы 110 метр» жүгірісіне қатысты. Жеңімпаздарға аталған компанияның құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылы елімізде қазақстандық мұнайдың 110 жылдығы аталып өтуде. Осыған орай біз жазғы маусымның жабылуын осы атаулы оқиғаға арнауды жөн көрдік», деді «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС Әкімшілік-әлеуметтік жұмыстар департаментінің директоры Марат Ахметбеков салтанатты сап түзеуде. Оның айтуына қарағанда, жыл сайын осы кешенде мұнай саласында еңбек ететіндердің балалары демалады.