Суперкомпьютер 10 күннен кейін дайын болады — Бағдат Мусин
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин әлеуметтік желіде Алматыда суперкомпьютер орнатудың жақын арада басталатынын айтты.
Кеше қоймаға бардық. «Қазақстанның болашағы» болатын темір қондырғының аман-есен келгеніне көз жеткізіп, көңіліміз орнына түсті. Видеокарталар орнында екен, — деп жазды Бағдат Мусин.
Ол Алматыда «Қазақтелеком» деректер орталығының алаңында монтаждау жұмыстары басталатынын айтты.
Біздің NVIDIA H200 негізіндегі суперкомпьютеріміз қазірдің өзінде елде. Жақында Алматыда — «Қазақтелеком» деректер орталығының алаңында монтаждау жұмыстарын бастаймыз. 10 күннен кейін ол дайын болады. Асыра сілтеусіз айтсақ, мықты зат: 6,7 миллион CUDA ядро, 1600 петафлоп және ондаған терабайт GPU жады, — деді Қазақтелеком басшысы.
Бағдат Мусин мұның бәрі мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен корпоративтік тапсырыс берушілерге қолжетімді болатыны айтты.
Техногендік апаттар мен қауіп-қатер басталмай тұрып модельдеу, қалалардағы трафикті алдағы жылдарға есептеу, дәрігерлерге деректердің үлкен массивтері негізінде тезірек диагноз қоюға көмектесу, қазақ тілін, мәдениетін, тарихын және қазіргі контекстін түсінетін үлкен тілдік модельдерді үйретуге болады. Шетелдік серверлерге тәуелді болмай, өзіңіздің ЖИ-өнімдеріңізді іске қосуға мүмкіндік, — деді Бағдат Мусин.
Айта кетелік суперкомпьютерге қосымша қуатты чиптер жеткізілетіні туралы жазған едік.